ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз әр екі-үш жыл сайын тексеру жүргіземіз. Әр тексеру сайын жемқорларды қамап жатамыз. Жемқорларды соттап тауысамыз дегенше сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігін алып тастау керек. Бұл үшін осы саладағы сарапшылармен, субсидия алушылармен көбірек сөйлесу қажет. Бұл субсидия ғана емес, бүкіл мемлекеттік сатып алу ісіне қатысты. Президент проблемаларды өте жақсы білетінін көрсетті. Мемлекет басшысының бұл мәселеге мұқият дайындалғаны көрініп тұр. Егер біз мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгерту туралы айтатын болсақ, оны бюджеттік жоспарлауды дұрыс жолға қоюдан бастау керек. Бізде бюджеттің ек проблемасы бар. Бөлінген қаржыны игермеу деген ауру бар немесе бағаны жасанды түрде көтеруді айтуға болады», - деп атап өтті Мәжіліс өкілі.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселеде бюджеттік жоспарлаумен айналысатындардың жауапкершілігне де байланысты.
«Мемлекеттік сатып алу ісінде бірінші басшылардың техникалық тапсырмаларды қалыптастырудағы жауапкершілігі зор. Біз нарықтың бар екенін ұмытпауымыз керек. Нарықта белгілі бір компаниялар, бағалар бар екенін түсінуіміз керек. Мемлекеттік сатып алулар бюджет қаражатын ашық жұмспа, мейлінше үнемдеу үшін жасалады. Жекелеген мүдделі тұлғалардың сатып алуға деген қызығушылығын салық органдары немесе басқа да құрылымдар арқылы тежеу қажет. Жасыратыны жоқ, айналымында қомақты қаражат бар көптеген компаниялардың бұрынғы қызметкерлері кәсіпорын құрып, тұрақты жеткізушіге айналып шыға келеді. Осы сияқты әр түйткілді жүйелі түрде тарқату керек», - деген Айдос Сарым бүгінге дейін жемқорлықты жою үшін қабылданған шешімдер жемісін беретініне сенім білдірді.
Cондай-ақ, ол бүгінге дейін «қол тигізуге болмайтын» сала саналып келген секторларда тыңғылықты тексеру жүргізу керектігін айтты.
«Егер осы істе шешімтал әрекетке бара алсақ, қоғам мен билік арасында сенім орнатуға болатын бастапқы нүктені тапқан болар едік. Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен құртқан бір де бір ел жоқ екені түсінікті. Бірақ оны барынша азайту біздің қолымызда деп ойлаймын. Ең бастысы – бұл күреске жұрттың қалай атсалысатынында. Сыбайлас жемқорлық өзімізбен бетпе-бет келсе, көз жұмуға дайынбыз. Көбіміз кезекті жылжыту сияқты ұсақ-түйек саналатын мәселелерде пара беруден тартынбаймыз. Ал дәл сондай өзгелердің пара беруі немесе алуы бізге зардап тигізсе, басқаша сайрап шыға келеміз. Жемқорлықпен алалап күресу мүмкін емес», - деп түйіндеді Айдос Сарым.