13 жел, 2019 сағат 07:29

Мемлекеттік бюджет кірістері 101,3%-ға асыра орындалды — Ә. Смайылов

2019 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

«2019 жылдың 11 айының қортындысы бойынша мемлекеттік  бюджетке 8 трлн 514 млрд теңге кіріс жиналды. Мемлекеттік бюджет бойынша кірістер 101,3%-ға, республикалық - 100,3%-ға және жергілікті бюджеттер бойынша – 104,1%-ға асыра орындалды. Республикалық бюджеттің таза кірістері 6 трлн 219 млрд теңгені құрады», — деді Ә. Смайылов.

Ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда мемлекеттік бюджеттің кірістері 115%-ға немесе 1 трлн  129 млрд теңгеге, республикалық бюджет кірістері 118%-ға немесе 965 млрд теңгеге және жергілікті бюджеттер кірістер 107,7%-ға немесе 165 млрд теңгеге өскенін атап өткен жөн. 

Кірістердің өсу қарқыны негізінен келесі салықтар есебінен қалыптасты: ішкі тауарларға салынатын қосылған құн  салығы, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар.

Салықтардың көлемінің ұлғаюына салық және кеден әкімшілендіруді жақсартумен бірге, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, экономиканың келесі салаларындағы тауарлар мен қызметтердің өсуі себеп болды: құрылыс – 112,7%, сауда – 107,5%, көлік  – 105,6%, байланыс - 104,5%, өндіріс – 103,5%.  

Жергілікті бюджетердің кірістері Нұр-Сұлтан қаласы мен Манғыстау облысын қоспағанда,  барлық өңірлерде артығымен орындалды.

Сонымен қоса, Қаржы министрлігінің мәліметтерінше, жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3%-ға, республикалық бюджет кірістері 99,4%-ға және жергілікті бюджеттер кірістері 97,4%-ға атқарылды. 

Есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттен 12 трлн 352 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджеттің  шығыстары 10 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды. 69 млрд теңге атқарылмады. Оның 19 млрд теңгесі үнемдеу болды.  Ал, игерілмеу сомасы 50 млрд теңгені құрады. 

«Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 1 трлн 521 млрд теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Оның 1 трлн 455 млрд теңгесі немесе 95,6% игерілді. 66 млрд теңге атқарылмады. Оның 12 млрд теңгесі үнемдеу сомасы болды. 54 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 26 млрд теңгеге көп. Бұл қаражаттар орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және жеткізілетін таурлардың  бекітілген кестеден кеш қалуына, шарттардың жасалмауына, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуіне байланысты игерілмеді», — деді Ә. Смайылов. 

Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларына бөлінген қаражат 477 млрд теңгеге игерілді. Ол есепті кезеңнің төлемдері бойынша жоспардың 98,2%-ын және жылдық жоспардың 86,6%-ын құрайды. Жергілікті бюджеттерге 163 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттері мен кредиттер бөлінді. Оның 159 млрд теңгесі, яғни бөлінген қаражаттың 97,1%/-ы игерілді.

11 айдың ішінде 3 мың 111 аудиторлық іс-шаралармен 783 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Нәтижесінде 212 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 

Тауарларды жеткізу, көрсетілген қызметтер мен атқарылған жұмыстар,  бюджетке қайтару, есептеп көрсету және оны сәйкестендіру жолымен 192 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. 

«Аудит объектілеріне 2 944 ұсыныс жіберілді. Оның 2 124-і орындалды. Есепті кезеңде жалпы сомасы 9 трлн 160 млрд теңгеге 1 млрд 428 млн мемлекеттік сатып алу процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 717 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзушылығына жол берілмеді», — деп түйіндеді Ә. Смайлов.