Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналист Михаил Дорофеевтің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жайында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
«Белгілі журналист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтамын. Біз Михаил Дорофеевті отандық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына елеулі үлес қосқан танымал тұлға, талантты медиаменеджер ретінде таныдық. Оның белсенді азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеті жоғары бағаланатын.
Михаил Дорофеевтің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады» делінген көңіл айту жеделхатында.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін танымал журналист, Informburo ақпарат-сараптамалық интернет порталының бас редакторы Михаил Дорофеев өмірден озды.