07 қаз, 2020 сағат 09:02

Мемқызметшілерге құнды заттарды сыйға тартуға тыйым салынады

Мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігі «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында көрсетілген. 

«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып саналады. Осылайша, қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағдайына байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады», - деді Олжас Бектенов.

Сондықтан оның атап өтуінше, Азаматтық кодекстің 509-бабымен көзделген норманы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкес келтіруге тура келді. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады», - деді төрағаның бірінші орынбасары.