20 мам, 2020 сағат 13:50

1 қыркүйекте мектептегі оқу жылы қандай форматқа көшеді – Министр жауабы

ҚР Білім және ғылам министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен оқу жылы қандай форматта басталуы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қашықтан оқыту уақыт талабы екенін түсінеміз. Бұл тақырып үйде білім алатын балаларға, сондай-ақ қыста ауылдық елді мекендерде жол ашылмағанда оқудан қалған балаларға қатысты. Осы орайда түрлі жағдай болып жатады. Сәйкесінше, бұл жағдайларда заманауи технологияларды көмегі тиіп, білім беру процесіне қолдау жасалады. Алайда бұл 1 қыркүйектен қашықтан оқуға көшіруді білдірмейді», - деді А. Аймағамбетов онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, педагогтар, министрлік, ата-аналар мен оқушылардың өздері дәстүрлі форматта оқыту тиімді әрі ыңғайлы екенін түсініп отыр.

«Білім беру процесі - ол тек ақпарат беру ғана емес. Бұл тұрғыда әлеуметтендіру, балалар арасында өзара іс-қимыл мен қарым-қатынас, тәрбиелік процесс секілді маңызды мәселе бар», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 11-сынып түлектеріне аттестат 3-4 маусымда тапсырылады.