Фото: Baq.kz
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл фейсбук парақшасында қазақстандықтарға сағат тілі неге кері жылжытылғанын және бұл шешімге наразылық білдірудің еш мәні жоқ екенін «соңғы рет» түсіндірді.
Мәжілісменнің айтуынша, сағат белдеуін анықтау оңай — Гринвич меридианы бойымен әрбір 15 градус сайын шартты шекара солтүстіктен оңтүстікке қарай жүргізілген.
«15 градус ені бар жолақ (7,5 градус батысқа және 7,5 градус шығысқа қарай) географиялық сағат белдеуі болып табылады. UTC+5 — бұл 75 градус шығыс бойлығының эквиваленті, плюс-минус 7,5 градус (шығыс бойлығы 67-ден 82 градусқа дейін)», — деп қосты ол.
Ол сондай-ақ UTC+5 сағат белдеуіне енетін қалаларды атады. Олар — Алматы (шығыс бойлығы 76 градус), Астана (71 градус), Шымкент (70 градус). Өскемен (82 градус) оның шекарасында орналасқан, сондай-ақ Семей (80), Петропавл (69) және Жезқазған (68) да сол белдеуге кіреді.
Депутат қазақстандықтарға UTC+7 сағат белдеуіне көшу (петицияда «екі сағат қосу») ұсынысына жауап берді. Ол бұл Таиландтың уақыты екенін және оның Қазақстаннан әлдеқайда шығыста орналасқанын айтты.
«Қараңғы ерте түседіге келсек — бүгіннің өзінде Астанада күндізгі уақыт ұзақтығы — тоғыз сағат (желтоқсанда одан да қысқарады). Ал біз тәуліктің 16 сағатын ұйқысыз өткіземіз (24 сағаттан сегіз сағат ұйқыны шегергенде). Сіз сағат тілін қалай ауыстырсаңыз да, жеті сағат бойы қараңғыда жүресіз. "Кешкі уақытта жарықта жүрейік" дегендер таңның екі сағатқа кешірек ататынын ескермейді. Бүгін күн 7:20-да шығады, ал UTC+7 бойынша таң 9:20-да атып, желтоқсанда тек 10:00-де шығатын болады. Жарықты кешке емес, таңда жағайық деген ұсыныс — тамаша логика!» — деп біріңғай сағат белдеуін енгізу бастамашысы түсініктеме берді.
Еркін Әбіл соңында бұл тақырыпта пікір таластырмайтынын және «айқын нәрселерді соңғы рет түсіндіргенін» қосты.
«Өзгелерді надан деп кінәламас бұрын, мектептегі "Табиғаттану" курсын қайталап, сағат белдеулерімен өздеріңіз танысыңыздар», — деп қорытындылады ол.