18 қаң, 2021 сағат 15:45

Мектептегі «бомба»: Ақтөбе полициясы 600-ден астам адамды эвакуациялады

Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының электронды поштасына білім ордасында жарылғыш зат бар екені туралы хабарлама түсті. Полиция 600-ден астам адамды эвакуациялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барлық шұғыл қызмет дереу оқиға орнына шықты. Оқушыларды, оқытушылар құрамы мен өзге де қызметкерлер эвакуацияланды. Барлығы 600-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы бөлімше саперлері ғимараттағы жарылғыш құрылғыларды анықтау үшін тексеру жүргізді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Жарылғыш құрылғы табылған жоқ. 

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция департаменті күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған жедел іс-шараны жалғастырып жатыр.