ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«9 және 11 сынып оқушыларында биыл қорытынды аттестаттау жүргізіледі. Қорытынды аттестаттау саны қысқартылды, яғни тоғызыншы сыныпта 3 пән бойынша және 11-сыныпта 4 пән бойынша ескерілген. Қорытынды аттестаттаудың негізінде 9-сыныпта негізгі білім алу жөніндегі аттестат және 11- сыныпта орта білім алу жөніндегі аттестат алады», - деді Ш. Каринова министрліктің аппарат жиналысында.
Оның айтуынша, тоғызыншы сынып үшін бірінші емтихан оқыту тіліне байланысты 28 мамыр күні өткізіледі. Бұл тұрғыда жаңартылған білім беру мазмұнына қатысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, тоғызыншы сынып оқушылары эссе жазады. Оны өткізуге екі сағат уақыт беріледі.
Екінші емтихан 3 маусым күні (алгебра) ұйымдастырылады. Осы орайда 10 тесті сұрағы мен 5 тапсырманы орындау жүктеледі. Үш сағат уақытта оқушылар емтиханды жазбаша түрде тапсырады.
Келесі емтихан (5 маусымда) екінші оқыту тіліне байланысты жүргізіледі. Бұл жерде ұсынылатын тапсырмаға екі сағат бөлінеді.
«11-сынып оқушыларына тоқталсақ, олар төрт емтихан тапсырады. 1 маусым күні оқыту тіліне байланысты емтихан жазбаша түрде жүргізіледі. Осы орайда эссе тақырыптары Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында көрсетілген. Бұл жұмысқа әр оқушыға 3 сағат беріледі. Бұдан бөлек, 4 маусымда алгебра пәні бойынша жазбаша емтихан жүргізіледі. Оған 5 сағат уақыт бөлінеді», - деді вице-министр.
Мұнымен қоса, 7 маусымда 11-сынып үшін Қазақстан тарихынан тестілеу ескерілген. Ал 10 маусымда екінші оқыту тіліне байланысты емтихан болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020-2021 оқу жылын 3,4 млн астам оқушы аяқтап жатыр. Олардың ішінде 150 мыңға жуығы — 11 (12) сынып түлектері, 270 мыңға жуығы — 9 сынып оқушылары.