ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биыл мектеп бітіру кештеру қандай форматта өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мектеп біртірушілер үшін емтихандар аяқталғаннан кейін, 11-сынып оқушылары үшін 12-14 маусым аралығында мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру мәселесі қарастырылады. Мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға байланысты іс-шаралар ашық, таза ауада өткізілуі Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген. Бұл тұрғыда оқушылары аз мектептер осы іс-шараны барлық сынып үшін өткізе алады. Ал мектеп бітіруші сыныптар көптеу болғанда, бірнеше кезеңге бөліп ұйымдастыру мүмкіндігі бар», - деді Ш. Каринова министрліктің аппарат жиналысында.
Осы орайда ол бұл іс-шараның негізгі мақсаты мектеп түлектерінің жалпы орта білімді аяқтап, білімі туралы құжатты алуына арналғанын еске салды.
«Сондықтан мектеп бітіру кешін өткізу кезінде әрбір мектептің ішінде ресми түрде аттестатты табыстау іс-шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Сонымен қатар, дастархан жаюға немесе басқа да көңіл көтеру орындарында (тойхана, мейрамхана, дәмхана) рұқсат етілмейді. Бұл іс-шара тек мектепте ресми түрде аттестат табыстауды ескереді», - деді вице-министр.
Айта кетейік, мектеп бітіру кешін санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы өткізіледі. Осы орайда мерекелік аниматорларды, түрлі той ұйымдастыру агенттіктерін, жеке студияларды шақыртуға тыйым салынған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы қоңырау әдеттегідей 25 мамырда өткізіледі. Биылғы шектеу іс-шаралары ескеріліп, бірнеше формат ұсынылмақ. Біріншіден, дәстүрлі түрде ашық таза ауада 9 және 11-сынып оқушылары үшін, сондай-ақ 300-ге дейін оқушысы бар әрі осы уақытқа дейін штаттық режимде оқытып келе жатқан мектептер өткізеді.