«Қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері ретінде енгізіледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2020 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның негізгі бағыттары БЖДДК және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлер желісін кеңейтуге, халықпен жұмыс істейтін штаттық спорт нұсқаушыларын қамтамасыз етуге, спорттық медицина мен адаптивті дене шынықтыру саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға арналған.
«Заң аясында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» бойынша білім берудің барлық деңгейлерінде дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу жоспарлануда», - деді Е. Қожағапанов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырсында.
Сонымен қатар, биылдың 27 сәуірінде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс арқылы спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бойынша нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуден өтті.
«Биылғы 1 мамырдан бастап барлық өңірлер қатысатын мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс тетігі жан басына қаржыландыру платформасы арқылы іске асырылады. Осы нормаларды қабылдау бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға оң әсерін тигізеді деп санаймын», - деді вице-министр.