20 қыр, 2017 сағат 10:50

Мексикадағы қуатты жер сілкінісі Попокатепетль жанартауын оятты

Мексикадағы аса қуатты жер сілкінісі Мехиконың жанында орналасқан Попокатепетль жанартауын оятты.

Жанартау сәрсенбіге қараған түні атқылады.

Мексикалық сейсмологтар жанартаудың жағдайын «қызыл дабыл» - ең жоғары деңгейлердің бірі деп бағалауда.

7,1 магнитудалы жерасты дүмпуінің ошағы Пуэбла-де-Сарагоса қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 49 шақырым қашықтықта орналасқан.

Кем дегенде 250 адам қаза тапты, деп хабарлайды Milenio телеарнасы.

Тек  Мехико қаласының өзінде 44 ғимарат қирады, олардың көбісі - халық тығыз орналасқан аудандарда.

Зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай жарияланды. Ел астанасы Мехикоға 3 мың әскери қызметкер тартылды.