20 қаң, 2021 сағат 16:45

Медсақтандыру қаражаты есебінен вакцина қабылдауға бола ма – Төраға жауабы

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов медициналық сақтандыру қажаты есебінен вакцина қабылдауға болатын-болмайтыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге сақтандыру қоры есебінен вакцина қабылдауға болатын-болмайтыны туралы сұрақтар келіп түседі. Бірден айтып өтейін, вакцина егуді қамтамасыз ету бұл қордың құзіретіне кірмейді. Бұл мәселемен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айналысады, онда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де қарастырылған. Жақында министр вакцина егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Осыған қатысты барлық ақпаратты сол министрліктен ала аласыздар», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов. 

Еске сала кетсек, ол осы брифингте Медициналық сақтандыру қоры пандемия кезінде міндетін толық орындағанын айтқан болатын.