12 мам, 2020 сағат 16:38

Медқызметкерлер бір-біріне қонаққа барған, жиналып шай ішкен: Алматыда екі жатақхана жабылды

Алматыда азаматтық авиация институтының жатақханасы карантинге жабылды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматыда өткен аптаның сәрсенбісінде азаматтық авиация институтының жатақханасы карантинге жабылды. Тұрғындардың барлығы басқа жатақханаларға және қонақ үйлерге жіберілді. Ғимаратта дезинфекциялық шаралар жүргізілді», - деді ол.

Бас санитар дәрігер медициналық қызметкерлердің жатақханасына қатысты да айтып өтті. 

«Алматыда 4 112 медициналық қызметкер блокпост сыртында тұратындықтан оларды орналастыруға 20 жатақхана мен 20 қонақ үй ұйымдастырылған болатын. Провизорлық орталықтар, карантин стационарларында, инфекциялық стационарда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер қонақ үйге жіберілді», - деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, Алматыда медициналық қызметкерлер тұратын екі жатақхана да жабылған. 

«Медициналық қызметкерлер санитарлық нормаларды сақтамағандықтан жатақханалар жабылды. Олар оқшаулау тәртібін ұстанбай, кешке жиналып, шай ішіп, бір-бірінің бөлмесіне қонаққа барған. Мекеме басшыларына олармен профилактикалық әңгіме жүргізу туралы ұсыныс берілді», - деді ол.