Қазақстанда салалық журналистерге арналған бір айлық онлайн-курс аяқталды. Осыған орай, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың қатысуымен «2020 жылғы қазақстандық журналистика: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» атты қорытынды дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қаржы, құқық, медицина, діни, сондай-ақ цифрландыру салаларындағы проблемалық мәселелер бойынша ақпаратты халыққа жеткізу тиімділігін арттыру» атты гранттық жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылған болатын.
Атап айтқанда, 12 қазан - 13 қараша аралығында медицина, сондай-ақ қаржылық, құқықтық, діни және цифрлық сауаттылық тақырыптарында журналистерге арналған онлайн-курстар, барлығы 25 сессия өткізілді.
Жоба тренерлері – халықаралық және қазақстандық журналистер, медиасарапшылар, сала өкілдері.
Кемелбек Ойшыбаев кадрлық әлеуеттің және салалық журналистиканың БАҚ дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. Себебі мамандардың кәсіби біліктілігі сапалы және сұранысқа ие контент жасауға мүмкіндік береді.
«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар қазіргі заманғы журналистиканың негізгі проблемалық мәселелерін талқылады.
Іс-шараға «Forbes Kazakhstan» баспагері Арманжан Байтасов, «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова, «Business FM» радиостанциясының бас директоры Рустам Мақсұтов, «Inbusiness.kz» ақпараттық агенттігінің директоры Мира Халина, құрметті судья, заңгер Бақытжан Жақыпов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қалимаш Бегалинова және басқалары қатысты.