08 қар, 2021 сағат 12:10

Медиаөлшемдер жаңа технологиялардың көмегімен онлайн режимде қолжетімді болуы керек - вице-министр


Интернетте контент жасаушыларға телерадио хабар таратушыларға қойылатын талаптар қойылуы мүмкін. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Кемелбек Ойшыбаев осындай ақпарат айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық және кабельдік телерадио хабар таратудың дәстүрлі операторлары «Заманауи IPTV-технологияларды пайдаланатын компанияларға неге бізге қойылатын заңнама талаптары қолданылмайды» деген сұрақ қойып отыр. Сондықтан интернет-кеңістікте телевизиялық контентті таратушыларға және телерадио хабар таратудың дәстүрлі операторларына қойылатын жалпы талаптарды айқындау қаншалықты қажет екенін зерттеп жатырмыз. Дәстүрлі телерадио хабар таратушыларға қойылатын талаптар мен құқықтар интернет контент таратушы медиаға да берілуі керек», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ол министрлік тарапынан «медиа өлшемдер» бойынша халықаралық тәжірибені жіті зерттеліп жатқанын атады.

«Біз үшін Қазақстанда медиаөлшемдер жаңа технологиялардың көмегімен онлайн режимде қолжетімді болуы керек. Қазір теелеарналар тарапынан көп сын айтылып жүр. Бірақ біз әлі нақты өлшем тәсілін әлі бекіткен жоқпыз. Медиа өлшеу тек қалаларда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілуі шарт. Сондай-ақ, интернет-кеңістікте өлшем ашық болуы керек. Басқа елдердің бұл істегі тәжірибесін ескере отырып, біз осы процесті жақын арада заңнамалық реттеудің қаншалықты қажет екенін анықтаймыз. Яғни, заңнамалық реттеу керек пе әлде кіріспеу керек пе деген сұраққау жауап іздейміз», -деді Кемелбек Ойшыбаев.