12 мам, 2020 сағат 17:00

Медбике науқастың күтіміне толығымен жауапты, оның басты міндеті – мейірім көрсету

Мейірім мен жан жылуы, төзімі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жан – медбике. Жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі – қостанайлық медбике Әлия Өтегенова.

Әлия Амантайқызы медицина саласында жиырма сегіз жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасының Қостанай қаласы №1 емханасында аға мейірбике болып жұмыс істейді. Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған.

«Мектеп қабырғасында-ақ болашақ мамандығымызды мақтан ететінбіз. Дәрігер болуды абырой емес, халыққа көмектесу деп түсіндім. Неге медбике жолына түстім? Негізі медицина саласында «ерліктің көбін мейірбикелер жасайды» деген тәмсіл бар. Медбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңіліммен, мейірімді жүрекпен қарсы аламын. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылады. Осындай зор шабытпен жасап жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр», - дейді медбике.

Әлия Өтегенова қызмет ететін қалалық емхана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бас дәрігер Қасымхан Міржақыповтың бастамасымен түрлі қоғамдық іс-шараларға да қатысып тұрады.

 

«Еңбек етіп жатқан ұжымымды екінші отбасым деп санаймын. Тату, ынтымағы жарасқан нағыз шеберлер және белсенді әріптестерімнің ортасында қызмет атқарудамын. Қандай қиын оталарда, науқастардың жаны ауырған сәтте бір жұдырықтай жұмыла кетеміз. Одан қалды, кез келген мерекелік іс-шараларда белсенділік танытып, бірлік көрсетеміз. Еңбегім елеусіз қалмайды. Басшылық жағынан марапаттарым бар. Осынау 28 жылғы қызметте түсінгенім – адалдық абыройға жеткізеді. Еліме адал қызмет жасаудан жалықпаймын. Менің ойымша, мейірбикелер үнемі ізденіс үстінде болу керек. Заман ағымы өзгеріп отырады. Тіпті, адамдардың түрлі мінезіне қарай ыңғай танытып, төзе білуді өнер дер едім. Ақ халатты абзал жан болу – мен үшін үлкен мақтаныш» - дейді Әлия Амантайқызы. 

Медбикелер үнемі жұмыс барысында жүреді. Әлия Өтегенова қолы қалт ете қалса, балаларының жанында болуға тырысады. Өмірлік жары Асқар жанынан табылады, жұмысының қауырт екенін түсінеді.

«Үлкен қызым тұрмыста, Дарина атты немереміз бар. Ортаншы қызым - бірінші курс студенті, Алматы қаласында оқиды. Ал кенжеміз – Арлан мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Мен отбасымның бақыты үшін, ұжымымның бірлігі, халықтың саулығы үшін қолдан келгенін аямаймын», - деп түйді медбике. 

Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді.

ҚазАқпарат