09 жел, 2020 сағат 08:53

Мәжілісте балаларды спортпен айналысуға тартуды көздейтін құжат мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы бұқаралық спортты дамыту және халықты, бірінші кезекте балаларды спортпен әрі дене шынықтырумен айналысуға барынша тарту бөлігінде жетілдіруге бағытталған. 

«Құжаттың негізгі бағыттарына тоқталсақ, өкілетті органның құзыретін кеңейту, жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту, спорттық инфрақұрылымның қолжемділігі, білім беру саласындағы жаңалықтар қамтылған. Өкілетті органның құзыреті ұлттық спорт түрлері бойынша тізбені бекіту қызметімен толықтырылады», - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. 

Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті келесі қызметтермен толықтырылады: дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің санын арттыру, халықпен жұмыс істеу үшін дене шынықтыру және спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету, ауыл халқы арасындағы дене шынықтыру сауықтыру қызметі, балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру даярлығы клубтарының желісін кеңейту. 

Сонымен қатар спорт инфрақұрылымының қолжемділігі аясында мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын қоса алғанда, олардың тұрғылықты жері бойынша және көпшілік демалатын орындарда спорт нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету екерілген. Тұрғын үй кешендерін салу кезінде мүмкіндігі шектеулі топтардың қолжетімділігін ескере отырып, спорт алаңдарымен қамтамасыз ету қажеттігі қарастырылды. 

Мұнымен қоса, білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің құрамдасын енгізу назарға алынды. 

«Барлық жас санаттары арасында дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықтың қамтуын 45 пайызға дейін ұлғайту, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғылықты жері бойынша бұқаралық спортты дамыту жөнінде халықпен жұмысты ұйымдастыру, спортшыларды медициналық бақылау үшін жағдай жасау ескерілген», - деді Мәдениет және спорт министрі.