06 жел, 2021 сағат 14:12

Мәулен Әшімбаев тарихымызды танытуда еңбек еткен ғалымдарға алғыс айтты


Тәуелсіздіктің 30 жылында тарихымызды тану, руханиятымызды дәріптеу және ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл туралы елордада ашаршылық туралы бұрын-соңды жарияланбаған құжаттар жинағын таныстыру кезінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Сенатта Ашаршылық. Голод. 1928-1934 Деректі хроника» атты кітабының төртінші және бесінші томы таныстырылды

«Тәуелсіздік күні қарсаңында өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Біз бүгін елдігіміз үшін маңызды іс-шараға жиналып отырмыз. Алдымен, баршаңызды егемендігіміздің 30 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын. Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихи межесін айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық салада толайым табысқа қол жеткіздік. Саяси-экономикалық және әлеуметтік бағытта дамудың жүйелі жолына түстік. Бейбітшілік пен келісімге табан тірей отырып, халықаралық қауымдастықта зор абырой, беделге ие болдық. Сонымен бірге, 30 жылда тарихымызды тану, руханиятымызды дәріптеу және ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Шын мәнінде, тәуелсіздікпен бірге қазақтың ұлт ретінде қайта дәуірлеу кезеңі басталды», - деді Әшімбаев. 

Осы орайда ол өшкеніміз жанып, ұмыт болған дүниеміз қайта жаңғырғанын атап өтті. 

«Ана тіліміз ардақталып, діліміз бен дініміз, тарихымыз бен дәстүріміз төрден орын алды. Егемендіктің алғашқы жылдарында ұлы Абай мен жыр алыбы Жамбылдың мерейтойларын кең көлемде атап өтіп, өткенді ұлықтаудың озық үлгісін көрсеттік. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біраз көне жәдігерлерімізді шетелден елге қайтардық, көптеген тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған елеулі жұмыстар атқарылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы сияқтығы атаулы даталарға да баса мән берілді. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Егер егемендік болмаса, осының береуі де болмайтыны түсінікті. Осы ретте аталған жұмыстардың бәріне ғалымдарымыз, тарихшыларымыз үлкен үлес қосты. Сол үшін ғалымдарымызға, бүгінгі шараға қатысып отырған тарихшыларға айрықша алғысымызды білдіреміз», - деді Сенат төрағасы.