06 мау, 2024 сағат 18:27

Мәулен Әшімбаев: Балаларға арналған қазақша контент жасаушыларды жүйелі түрде қолдау керек

Сурет: ашық дереккөз

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында масс-медиа туралы заңды қарау барысында балаларға арналған қазақша контент жасаушыларды жүйелі түрде қолдау қажеттігін айтты. Әшімбаев бұл мәселені кеше қазақ тілінде контент жасап жүрген креативті индустрия өкілдерінің форумында талқылағанын атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сенатының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кеше креативті индустрия өкілдерінің форумына қатыстық. Сол жерде қазақ тілінде балаларға арналған контент жасап жүрген мамандар біраз проблеманы көтерді. Оның ішінде қаржыландыру, маркетинг, ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар. Осыған байланысты бүгін қаралып жатқан заң аясында балаларға арнап қазақша контенттер жасайтын жастарды, ұжымдарды қолдау тетіктерін де назарға алуымыз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау бір реттік емес, жүйелі түрде болуға тиіс. Сенат алдағы уақытта осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырады», – деді Сенат Спикері.


Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.