24 қаз, 2020 сағат 09:30

Мәулен Әшімбаев ауруханада жатқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көңілін сұрап барды

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің хал-жағдайын білу үшін ауруханаға барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз жатқан ауруханаға арнайы барып, қаламгердің көңілін сұрап шықтым. Халін біліп, қасында біраз әңгімелесіп отырдым. Әбекеңнің денсаулығы жаман емес. Дегенмен, соңғы кезде болған қайғылы жағдай ағамызға ауыр тигені анық. Ажар апамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Осыдан бірнеше күн бұрын ағамыз 96 жасқа толды. Жалпы, Әбдіжәміл аға маған қажыр-қайрат пен ерік-жігердің символындай көрінеді. ХХ ғасырда халқымыздың басынан небір қиындықтар өтті. Соның бәрі Әбекеңе де аз зардабын тигізген жоқ», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Мәулен Әшімбаев халық жазушысының соғыс жылдарында қан майданның қақ ортасында жүргенін, одан кейінгі қиындықтарды да көргенін атап өтеді. 

«Қайсарлық пен қажырлықтың озық үлгісін көрсетіп, әдебиетке аянбай еңбек етті. Мәдениетіміз бен руханиятымызға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ әдебиетінің нағыз классигіне айналды. Кейде Әбдіжәміл ағаға қарап, халқымыздың өткен ғасырдағы шежіресін көргендей боламын. Шын мәнінде, Әбекеңнің өзі де, сөзі де, жазған дүниесі де тарих. Соңына мол мұра қалдырып, ғасырмен, уақытпен өз есебін тапқан, қазақ әдебиетінің алыбы әрі абызы болған Әбекеңе мықты денсаулық, амандық тілейміз. Жасай беріңіз, ардақты Әбе!», - деді Сенат спикері.

Қазақстанның халық жазушысы Нұрпейісов Әбдіжәміл Кәрімұлы 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Жазушы 1946 жылы армия қатарында жүріп-ақ «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Еңбегін бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. 

XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.

«Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. 2019 жылдың қазанында ҚР Президентінің Жарлығымен қаламгерге ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.