18 сәу, 2020 сағат 11:57

Мәскеуден таксимен келген ақтөбеліктерден коронавирус анықталды

Мәскеуден таксимен келген ақтөбеліктерден коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

18 сәуір күні (сағат 09.30-дағы жағдай бойынша) Ақтөбе облысында жаңадан 2 оқиға тіркелді.

«Бүгін екі адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ер адам Ресейден Жайсаң шекара бекетіне дейін таксимен келген. Ол індет жұқтырған адамның жанында отырған. Ал індетке шалдыққан екінші адам қала тұрғыны болып шықты. Ол да бұған дейін науқас адаммен байланыста болған», - деді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, кеше кешкілік Ақтөбе қаласында 26 және 22 жастағы жігіттерден, 75 жастағы қариядан індет анықталды. Сонымен бірге шекара бекетінде карантиндік госпитальде жатқан екі адам вирус жұқтырған болатын.

«1978 жылы туған Ақтөбе облысының азаматы Ресейден пойызға мініп, одан соң Жайсаң ауылына дейін таксимен келген. Дереу карантиндік стационарға жатқызылып, анализ алынды. Ал індет жұқтырған шекарадағы екінші адам 1986 жылы туған. Ер азамат Түркістан облысының тұрғыны. Ол Мәскеу қаласынан таксимен келіп, Жайсаң ауылындағы карантиндік стационарға түскен. Жөтелі болғасын провизорлық стационарға ауыстырылып, одан КВИ-ға анализ алынды. Ол оң нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда дертке шалдыққан Ақтөбе қаласының азаматтары облыстық жұқпалы аурулар стационарының бокс палатасына, Жайсаңдағы науқастар сол жақтағы провизорлық стационарға жатқызылды. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдік шаралар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары, дезинфекция жүргізілді. 

Соңғы мәліметтер бойынша, Ақтөбе облысында COVID-19 инфекциясын барлығы 25 адам жұқтырған. Үш адам дертінен айығып шықты.