Вакцинаны тіркеуден кейінгі зерттеу аясында Мәскеудің алғашқы тұрғындарына коронавирусқа қарсы екпе салынды. Бұл туралы сәрсенбіде журналистерге Мәскеу қаласы әкімінің әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі орынбасары Анастасия Ракова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ракова вакциналауды бастау бүкіл Ресей үшін маңызды екенін айтты.
Вакцина екі кезеңмен жүзеге асырылады: вакцинаның бірінші компоненті бірден, екіншісі - 21 күннен кейін салынады. Компоненттер құрамында иммунитетті көтеретін белсенді заттарының болуымен ерекшеленеді. Вакциналау тегін жүргізіледі.
Ракова өтінім берушілердің саны күн сайын артып келе жатқанын атап өтті. Қазірдің өзінде 35 мыңнан астам мәскеулік вакцина салдыртуға өтінім берген. Қазір Мәскеуде коронавирусқа қарсы вакцинаны зерттеу алты медициналық мекеменің базасында жүргізілуде. Алдағы уақытта олардың саны 20 болмақ.
Ракованың айтуынша, вакцинаны 18 жастан асқан, вакциналауға дейін екі апта ауырмаған, ЖРВИ-мен ауырмаған, COVID-19 жұқтырмаған және зерттеуге дейін кемінде екі апта бұрын коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болмаған, Мәскеу ММС полисі бар Ресей азаматы қатыса алады.
Дүйсенбі күні Мәскеуде коронавирусқа қарсы вакцинаны зерттеуге қатысуға өтініш берген алғашқы еріктілер медициналық тексеруден өте бастады. Тексеру қорытындылары мен талдама нәтижелері бойынша дәрігерлер вакциналауға келетін адамдарды іріктейді. Медициналық қызметкерлер еріктілермен телефон арқылы, арнайы мобильді қосымша арқылы немесе телемедициналық технологиялар арқылы үнемі байланыста болады. Өзін жайсыз сезінген жағдайда, ерікті бұл туралы дәрігерге хабарлай алады.