Алматыда маскасыз жолаушыны автобусқа кіргізген жүргізуші сыйақыдан қағылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде таралған болатын.
Журналист Динара Тұрсынова жанында отырған жолаушыдан маска киюін өтінген. Алайда ер адам маска тағудан бас тартқан.
Қалалық Мобильділік басқармасы осы дерекке қатысты тексеру жүргізген. №81 автобус жүргізушісі салондағы дауды естіген, алайда еш шара қолданбаған анықталды.
«Жолаушылар тасымалының карантин кезіндегі ережелеріне сәйкес маска тақпаған жолаушыны автобус салонына кіргізбеуі тиіс. Сондықтан, еш шара қолданбаған автобус жүргізушісіне қатаң сөгіс жарияланып, шілде айындағы сыйақысы берілмейтін болды», - деді басқармадан.
Қалалық полиция департаменті бұл деректі де тексерген. Криминалды полиция басқармасының мамандары 28 жастағы жігітті ұстады.
«Іс материалдары қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне ҚР ӘқбК 425-бабымен тапсырылады», - деді ПД
Құқық бұзушы өз әрекеті үшін кешірім сұрап, көпшілікке маска тағуға кеңес берді.