Сейсенбіден бастап Оңтүстік Кореяда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қоғамдық көліктер мен орындарда міндетті тұрде маска тағу режимі енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Енді елде қоғамдық көлік пен шараларда, сондай-ақ медициналық мекемелерде маска тақпайтын азаматтарға 100 000 вон (87 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.
Ал қоғамдық көлік үшін жауапты ұйымдар, сондай-ақ демонстрация ұйымдастырушылары қоғамдық көлік пайдаланушылары немесе жиын қатысушыларының аталған талаптарды сақтауын қадағаламағаны үшін 3 миллион вон сомасында айыппұл төлейді.
Бұл талап тек 14 жасқа дейінгі балаларға және масканы денсаулық жағдайына байланысты таға алмайтын адамдарға қатысты емес. Адамдарға масканы тек ерекше жағдайда, мысалы, жуыну, тамақ ішу немесе шомылу кезінде ғана шешуге рұқсат етіледі.
Соңғы тәулікте Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырудың жаңа оқиғалар саны 58-ге жеткен. Елде індетке 24 606 адам шалдыққан, қауіпті вирустан қайтыс болғандар саны - 432 адам.