#
#
Cәрсенбі 28/10/2020

Маска тағып жүру індет жұқтырмауға жәрдемдеседі – профессор

  • 17.10.2020
  • 0
  • 109

Маска тағып жүру індет жұқтырмауға жәрдемдеседі. Бұл туралы М.Әйкімбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар Ұлттық ғылыми орталығының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Андрей Дмитровский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыдан арнайы келген А.Дмитровский әріптестері, медицина ғылымдарының докторы Марат Сыздықов, Андрей Кузнецов және биоқорғау, биоқауіпсіздік пен дезинфекция жөніндегі маман Татьяна Лятомскаямен бірге Оралда ұйымдастырылған семинар-тренингтерге қатысты. 

Онда батысқазақстандық инфекционистер мен эпидемиологтарға биологиялық қауіпсіздік қағидалары, COVID-19-пен ауырған емделушілермен жұмыс кезінде инфекциялық бақылау ережелері мен тәртібі жөнінде кеңес берілді.

Соның ішінде облыстық көпбейінді аурухана базасында 70 медицина қызметкері қатысқан шарада коронавирустық инфекцияның адамдар арасында таралуы, қоздырғышының қоршаған ортаға төзімділігі, КВИ эпидемиологиясының ерекшеліктері, індеттің алдын алу және күрес мәселелері талқыланды. Сондай-ақ биоматериалдарды қауіпсіз алу, тасымалдау да назардан тыс қалмады.

Кездесу барысында мамандар қорғаныш костюмдерін қалай кию және шешу, медицина қалдықтарын қалай дұрыс жою жолдарын көрсетті. 

Алматылық мамандардың жұқпалы аурулармен күресте тәжірибесі мол, Қазақстанда 1949 жылы құрылған аталмыш орталықта көптен бері жұмыс істеп келеді. Соның ішінде Андрей Дмитровскийдің осында еңбек еткеніне 41 жыл толды. Ол докторлық диссертациясын обаның клиникалық көріністері мен онымен ауырған науқасқа медициналық көмек көрсету жүйесі бойынша қорғаған. 5 ғылым кандидатын, 2 докторды дайындаған маман – 300-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, екі патенті және бар.

Пандемия кезінде ғалым әріптестерімен бірге жаңа індетпен күрес жолдарын зерттеуде. Оның айтуынша, коронавирустан сақтанудың екі тәсілі бар, ол маска тағу және оқшаулану. 

«Ауру көзі мен онымен байланыс жасайтын адам маска тақса, жұқтыру мүмкіндігі 100-ден 1 пайызға дейін төмендейді. Маска – ең қарапайым әрі тиімді құрал. Негізі бірреттік медицина маскаларын ылғалданғанша қолданған дұрыс. Ылғал толып қалса, маска сапасын жояды, сондықтан оны ауыстырған жөн», дейді Андрей Михайлович.

Оның пайымдауынша, пандемия тұрғындардың 90 пайызы иммунитет алғанға дейін созылады, яғни індет жұқтырмайды немесе қандай да бір түрімен ауырып шығады.

Әлемде індетке қарсы вакцина биылғы жыл соңында дайын болады деп болжануда. Ол бекітілген халықаралық критерийлер бойынша жасалуда. 

Вакцинаны тез жасауға болады, бірақ оны сынау белгілі бір уақытты қажет етеді. Ол әуелі жануарларға сыналады. Сосын еріктілердің алғашқы тобына жасалады, солай жалғаса береді. Бұл кемінде бір жылға созылады. 

Ғалымның сөзіне қарағанда, Ресей мен Қытай осы сатылардың бәрінен өтпестен, бірден еріктілерді сынап көре бастады. Бұл – сынау мерзімін қысқартып, соңғы нәтижеге жетудің бір жолы.

Егер екпе жасалмаса, індетті бүкіл дүние жүзінің халқы жұқтыруы мүмкін. Вакцина қолданылғаннан кейін вирус біржола жойыла ма, оны айту да қиын.

«Індетке қарсы тұру үшін бізге көптен қалыптасқан менталитетімізді өзгертуге тура келеді. Яғни көп болып жиналып, мерекелерді атап өтуден, қонаққа барудан бас тарту керек. Қашықтан қарым-қатынас жасауға да болады ғой. Үйде оқшауланып, көшеге шыққанда, қоғамдық орындарға барғанда, маска тағу керек», деп түйіндеді ойын А.Дмитровский.

Теги: маска тағу, профессор пікірі, індет, коронавирус

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар