Коллаж: ult.kz
Бүгін Орталық Коммуникациялар қызметінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында Ult.kz тілшісі әкімге Тәуелсіздік мерекесін атап өту мен Желтоқсан, Қаңтар құрбандарын еске алу туралы екі сұрақ қойды.«Тәуелсіздік мерекесін қалай атап өтесіз? Бұл күн сіздің ойыңызша Желтоқсан, Қаңтар құрбандарын еске алу, тағзым ету күні ме, әлде мереке ме?» – деп сұраған еді тілшіміз.
Бұл сауалға әкім желтоқсан айына жоспарлары бар екенін айтты, бірақ ол жоспарға 16-17 желтоқсанды атап өту кірмейді екен.
«Бірінші желтоқсаннан бастап календарлық жоспарлар құрғанбыз. Оның ішінде жаңа нысандар ашылуы, одан басқа концерттік бағдарламалар жүргізу. Жалпы, осының аясында өткіземіз. 16 желтоқсанда өз басымыз жұмыста боламыз», – деп жауап берді ол.
«Енді ол мереке де... Сол құрбандарды еске алу бойынша құрылған мереке емес пе?! Сол себептен ұғым сондай», – деп пікірін білдірді.
Тілшінің екінші сұрағы: -«17 желтоқсанда құрбандарды еске алу үшін алаңға барасыз ба? Бүгінге дейін сіздің Тәуелсіздік монументінің жанына барғаныңызды көрмедік. Жалпы, неге шенеуніктер осы күні монумент басына бармайды?» -деді.
Бұл сұраққа әкім қысқа жауап қайырды:
«Алматыдағы монументті айтып тұрсыз ба? Оған бармаймын. Сол күні Қонаев қаласында боламын», – деді.
Айта кетейік, жыл сайын 17 желтоқсанда Алматыда Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу шаралары өтеді. Қоғам белсенділері, қала тұрғындары және жастар «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне жиналып, гүл шоқтарын қойып, құрбандарға тағзым етеді. Дін өкілдері де құран бағыштайды. Алайда жылдар бойы бұл шараға бірде-бір жоғары лауазымды шенеуніктің қатыспауы қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Осы кезге дейін Алматы облысы әкімі не Алматы қаласы әкімі осы шарада қара көрсеткен емес. Биыл да әкімдердің бұл дәстүрге қатысуы екіталай сияқты.