Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов шетелге заңсыз кеткен қаражатты қайтару рәсіміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Ерлан Саиров заңсыз кеткен капиталды елге қайтару қадамдары жайында сұрақ қойды.
«Президент заңсыз кеткен капиталды шетелден Қазақстанға қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Осы орайда халқымыз нақты әрі қарқынды нәтижені күтіп отыр. Біріншіден, аталған заңда қандай нақты тетіктер бар? Екіншіден, шетелдегі қандай құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр Заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін?», - деп сұрады Е. Саиров.
Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов бұл мәселеде қылмыстық іс қозғалуы керек екенін жеткізді.
«Оған (шетелдік құзырлы органдарға) құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жіберуіміз керек. Екі жақпен, яғни сол елмен құқықтық келісім болуы керек. Біз санкциялап, тиісті сұраныс жібереміз. Бұл тұрғыда шетелдегі құқық қорғау органдары мүлікті (заңсыз шығарылған) зерделейді. Осы орайда біздің сұраныс бойынша санкциялап, шектеу қойылуы тиіс. Бұдан кейін сотталған кезде, бүкіл дәлелдерін берген кезде, заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда, олар бізге қылмыстық процеспен толық қайтаруға мүмкіндігі болады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі бойынша Бас прокуратураның бастамасымен тиісті топтар құрылды. Оның өкілетті органы – Қаржылық монитринг агенттігі, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Сол жұмыс аясында заңға сәйкес тәсілдер ескерілген.
Сонымен қатар ол бүгін талқыланған заң жобасы аясындаға негізсіз баюға тосқауыл қою қадамдарына тоқталды.
«Негізсіз баюға қатысты тоқталсақ, заң қабылданған кезде, адам қаражаттың қайдан келгенін түсіндіре алмаса, заңға сілтеме жасап активтерді қайтаруға мүмкіндігіміз бар», - деді М. Ахметжанов.