Үкімет комиссиясының мүшелері сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап еткен бастамашыл топпен кездесу өткізуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сілтеме жасап.
Жиынға қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті сақтай отырып, жағдайды реттеу мүмкіндігін талқылап жатыр.
Айта кетейік, комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бүгін Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған Президент Әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты.
Еске салайық, Жаңаөзен мен Ақтаудың мыңдаған тұрғыны жаңа жылдан кейін бағасы күрт шарықтап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Олар жолдарды жауып тастаған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырма берді. Өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары өз бастамасымен газ литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарған.