12 жел, 2019 сағат 12:22

Мамандар пиротехникалық бұйымдарды неге қарға қадап атуға болмайтынын түсіндірді

Алматыда жылдық пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың қауіпсіздігі туралы арнайы брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында ТЖД Төтенше жағдайлардан болатын тәуекелдерді азайту мен азаматтық қорғаныс саласын бақылау басқармасының басшысы Айдос Нүсіпбаев пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолдану ережелерімен таныстырды.

«14 жасқа дейінгі балаларды петарда-ракета атуға жақындатпау керек. 50 метрге дейінгі қашықтықта кедергі болатын заттар жоғына көз жеткізу керек. Қорапқа үңілуге, фитильді қол созым жерден жағуға тыйым салынады. От жаққан соң қауіпсіз қашықтыққа шығу керек. Жел қатты соғып тұрған кезде салют атуға, салют жарылмған жағдайда қасына барып қайта тұтатуға болмайды. Себебі, бірнеше уақыт күту керек. Көбінесе адамдар осындай қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан жарақат алып қалады», - деді Айдос Нүсіпбаев.

Көптеген адамдардың пиротехниканы қолына ұстап тұрып ату жағдайлары жиі кездеседі.

«Тек Бенгал шамшырағын ғана қолмен ұстап атуға болады. Калибрі 1 см-ден жоғары бұйымдарды қолға ұстауға болмайды. Оларды жерге арматура қадап немесе арнайы қоршауға байлап атқан дұрыс. Көп адамдар тек қарға қадай салады. Бірінші рет дұрыс атылғанымен, салют қисайып кетсе, траекториясы бұзылып, көліктерге, адамдарға тиюі мүмкін», - деді «Қазсалют» ЖШС бас менеджері Нұрлан Қазбеков.