Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Жаңа жыл мейрамы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тұрғындар пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген жерлерде, сертификаты бар сатушылардан ғана сатып алуы тиіс. Сатып алғанда бұйымның қаптамасы бүтін тиіс болуы керек. Бұл заттарды қолданған кезде балалар қашықта тұруы керек. Адамдар кем дегенде 50 метр радиуста қашықта тұруы шарт. Қатты жел соғып тұрған кезде салют атпаған дұрыс. Атылмай қалған жағдайда қасына барып үңілудің қажеттілігі жоқ. Петарда мен фейерверктерді адамдардың аяқ астына лақтырмаған абзал», - деді ТЖД мамандары.
Ресми деректерге сенсек, жыл сайын жаңа жыл қарсаңында 10-15 өрт тұтанады.
Тілсіз жаудың 30 пайызы пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбаудан болады.
Мәселен, 2020 жылы 13 өрт болған. Оның 5-еуі петардалардың жарылуынан болды. 2019 жылы 31 желтоқсанда Әуезов ауданындағы көппәтерлі үйдің 9 қабатында балконда бұйымдар өртенді. Көшедегі адамдардың атқан петардасы қапталмаған балконға түскен.
Былтыр пиротехникалық бұйымдарды абайсыз қолданған 4 адам, оның ішінде 3 бала мен 1 ересек адам көзі күйік шалып ауруханаға түскен.