04 мам, 2020 сағат 09:08

Мақтааралдың су басқан елді мекендерінен 31 мың адам эвакуацияланды

Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.

Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланған. 4 мамыр күнгі ақпарат бойынша Жаңа-Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық (11 үй) елді мекендерінен жалпы саны 631 үй су астында қалды.

2 мамырдан Атакент елді мекенінде 24 эвакуациялық бөлім құрылып, жұмыс жүргізуде. 

Апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған. 

Полиция тарапынан Жаңа-Тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлыжол, Иіржар елді мекендерінде бір, Т. Жайлыбаев ауылында екі блок-бекет құрылып, оның жалпы саны 7-ге жетті. 

3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілді. 

Бұдан бөлек, 1797 ірі қара мал, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтарал ауданындағы су басу қаупі жоқ жерге жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. 

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. 

Сондай-ақ, Түркістан облысындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.