Мақтааралдықтар қиын қыстау кезеңде қол ұшын берген азаматтарға алғыстарын білдірді. Эвакуация орындарында орналасқан тұрғындар осындай қайырымдылықтан шет қалмаған мемлекет басшылығына, үкіметке, облыс, аудан басшылықтарына және барлық қазақстандықтарға шынайы алғыстарын айтуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімдігінің мәліметінше, топан судан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдарының 6 мыңнан аса тұрғынына жан-жақты көмек көрсетілуде. Мектептер мен колледждердегі, мешіттердегі 3 мыңнан астам адамның бүгінгі жай-күйі бірқалыпты. Олардың барлығы медициналық тексерістен өткізіліп, жатын орынмен және көрпе-төсекпен тегіс қамтылған. Тұрғындарға күніне үш мезгіл тамақ беріледі. Азық-түлік пен жеке бас гигиенасын сақтауға қажетті керек-жарақтың бәрі жеткізілуде. Барлық аудандарындан әкелініп жатқан көмек төтенше жағдайға байланысты жасақталған орталық қоймада сақталады. Өз кезегінде толықтай су астында қалған Фирдоуси ауылының тұрғындары үй-жай мен мал-мүліктері және егістік алқаптарының шығындары өтелетіндігін де естіп, бір сергіп қалды.
«Шығын өтеледі, деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Оны осында тұрып жатқан барлығымыз естіп, көңіліміз орнына түсті. Үйіміздің орнына үй салынса, егістікке жұмсаған шығындар өтелсе, ел риза. Күн жылы, күтеміз. Қасақана жасалған іс емес. Оны көзбен көріп отырған соң, көнеміз. Құрылыс басталса, өзіміз басында жүреміз, деп қуанып жүрміз. Ел аман болсын. Көмек жіберіп жатқан барша қазақстандықтарға мың алғыс айтамыз», - дейді Фирдоуси ауылы тұрғынының бірі Надир Фахруддин.
Ауылдардағы су кеткен соң, әр үйге келген шығын Арыстағы төтенше жағдай тәжірибесі бойынша есептеледі. Арнайы комиссия үйлерді қалай қалпына келтіретінін шешіп, зардап шеккен әр отбасыға өтемақы төленеді. Тіпті егіс алқаптары суға кеткен шаруалардың шығыны да қайтарылады. Әзірге мал шығыны нақтылануда.
«Бес баламызды сүйреп сол түні үйді тастап қаштық. Мұндайды Алла ешкімнің басына бермесін. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Апаттың әдейі жасалмағанын білеміз. Аман қалғанымызға шүкір. Мектепте жатырмыз. Төсек орны тап-таза, балаларға киім-кешек берді. Тамақ беріп жатыр. Бәріне ризамыз. Жасалған жақсылықтарыңыз үшін еліме ризамын»,- дейді Махфират Құрбанова.
Тұрғындардың су ортасындағы мал-мүлкін полицейлер күзетуде. Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде тасқынға қарсы бөгет салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында коллектор орналастырылған.
Айта кетейік, қазіргі таңда авариялық – құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 жүзу құрылғысы, 180 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келген. Қабылдау эвакуациялық пунктері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкері медициналық көмек көрсетуде. Көршілес облыстар мен облыстың барлық аудандарынан, кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсетіліп, қолдау білдірілуде.