Су басып қалған Мақтаарал ауданындағы ауылдарда бірнеше блокпост қойылды. Облыс әкімдігі бұл сақтық шараларын ұйымдастыру үшін жасалып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еңбекші ауылдық округі және Жаңа жол ауылдық округтерінде орналасқан Жеңіс, Жаңатұрмыс және Фердоуси елдімекендеріне бірнеше блокпост қойылды. Жаңа жол ауылдық округі, Фердоуси ауылында орналасқан «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген. Сонымен қатар 6 үйдің ауласын су басқан. Елдімекеннің ішкі коллекторларына су толған. Жеңіс елдімекеніне кіретін негізгі көпірді су шайып кеткен. Көпірдің ұзындығы 10 метр. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» елдімекенінде 28 гектар мақта алқабын су басқан. Облыстық ТЖД оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, су басқан ауылдардағы мал және егістік, үй мен әлеуметтік нысандардың нақты шығынын анықтау мақсатында облыс әкімдігінің барлық тиісті басқарма басшылары ауданға барған. Қазіргі таңда төтенше жағдайдан келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Ауданда 2 мамырда түнгі 00:00-де төтенше жағдай жарияланды. Су басқан ауылдардан 5 400 адам қауіпсіз жерге көшірілді.