Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерде малдың 85 пайызы құтқарылған. Бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда сарқынды судан Еңбекші және Жаңа жол ауылдық округі зардап шеккен.
«Мәселен, Жаңа жол ауылдық округінде 404 млн теңгеге шығын келген. Ағынды су 3602 гектар егістік жерге зақым келтірсе, соның 85 пайызы - мақта алқаптары. Қалғаны - бақша өнімдері. Мақта алқаптары мүлде жарамай қалған. Еңбекші ауылдық округінің Жаңа тұрмыс ауылы мен Жеңіс елді мекендерінде біз шығынды нақты анықтай алмай отырмыз. Себебі, онда жаппай су басқандықтан ішіне кіріп көру мүмкін болмай тұр. Ал, Нұрлыбаев ауылдық округіне де су бетоннан өтіп жатыр»,- дейді Тұрғанбек Оспанов.
Бүгінде төтенше жағдай қалыптасқан аймаққа 95 ауыл шаруашылығы маманы жұмылдырылған. Олар су басқан елді мекендерде зерделеу мен шығынды есептеу жұмыстарын жүргізуде. Суда қалған малдарды құтқарушылармен бірге қауіпсіз жерге көшіруде.
«Жаңа жол ауылдық округіндегі жеті елді мекенде екі күннен бері малдың 85 пайызын судан шығарып алдық. Мәселен, ірі қараның - 80 пайызға жуығын (1100), жылқы - 89 пайыз (132), ұсақ малдан - 72 пайызын (221) көшіріп үлгердік. Оларды көршілес Келес ауданындағы жайылымдарға апардық. Су қойманың жанындағы жайылымдарға жеткізгенбіз. Дегенмен жылқы малы өздерінің тұрақты мекеніне қайтып кетіп, біраз қиындық туғызуда. Ал, су басқан елдімекендерге қайықпен барып, шығын көлемін есептейміз», - деді Тұрғанбек Оспанов.