02 мам, 2020 сағат 21:07

Мақтааралда Мырзакент кентінің тұрғындары шұғыл эвакуациялануда

Мақтаарал ауданында енді Мырзакент кентінің тұрғындары шұғыл түрде эвакуациялана бастады. Аудан әкімдігі тұрғындарға тез арада жиналу керектігі туралы ескертті.

Аудан әкімдігінің Facebook желісіндегі парақшасында халықтың қауіпсіз жерге көшірілетіні хабардар етілді. 

«Аудан орталығы Мырзакент кентіне су басу қаупі туындауына байланысты тұрғындарды эвакуациялау жүргізілуде. Осы мақсатта 68 автобус әзірленіп, Достық каналының бойындағы көпірге және орталық базар маңына қойылған. Сондай-ақ, эвакуациялау жұмыстарына 60 төтенше жағдай қызметкері, 300 әскер, 50 полиция қызметкері жұмылдырылған. Аталған жұмыстарға Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының әкімдері мен әкімдік қызметкерлері де атсалысуда. Көрші-қолаңдарыңызға ескертіңіздер. Жылы киім мен құжаттарыңызды алып алыңыздар. Газ, су, электр жарығын сөндіруді ұмытпаңыздар! Сонымен қатар, көлігі бар азаматтар эвакуация жасауға атсалысуларыңызды сұраймыз» делінген хабарламада.