Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жалпы 5 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы алқабын су басқан. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Асанов кезекті брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аудан әкімінің айтуынша, су басқан төрт елдімекенде ауыл шаруашылығына қаншалықты шығын келгені анықталуда.
«Ауданда 4 елдімекенде егістік дақылдары егілген 3 мың гектардай жерді су басқан. Ол жерде мақта, жоңышқа, жүгері сияқты дақылдар егілген. Қазіргі таңда төтенше жағдайдан ауылшаруашылығы саласына келтірілген шығындар есептеліп жатыр», - дейді Бақыт Асанов.
Аудан әкімінің мәліметінше, Өзбекстан тарапы бөгеттің бұзылғанын дер кезінде хабарлап ескертпеген.
«Бізге Өзбекстанның билік өкілдері ресми түре хабарласып, қалыптасқан жағдай туралы айтпады. Дамбының бұзылғандығы жөнінде әлеуметтік желіден білдік. Бастапқыда каналған секундына 120 текше метр су келсе, кешке қарай судың деңгейі 180 текше метрге дейін көтеріліп кетті. Сосын жағдайды бақылауға алып, жан-жаққа хабарластық. Өздігімізше әрекет жасай бастадық», - дейді Бақыт Асанов.
Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып , елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Ауданда 2 мамырда түнгі 00:00-де төтенше жағдай жарияланды. Су басқан ауылдардан 5 400 адам қауіпсіз жерге көшірілді.