05 мам, 2020 сағат 09:17

Мақтаарал тұрғындары 30 автобуспен қауіпсіз жерге тасымалдануда

Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысындағы барлық қажетті техникалар апат болған ауданға жұмылдырылуда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен 30 автобуспен тұрғындар қауіпсіз аймақтарға тасымалдануда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, төтенше жағдай қалыптасқан аймаққа Мақтаарал ауданынан – 5, Жетісай ауданынан – 5, Сарыағаш ауданынан – 7, Келес ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 10 автобус жеткен. Қазіргі уақытта, Мақтарал ауданының орталығы Мырзакент елді мекенінде 13 автобус дайын тұр. Қажеттілік туындаған жағдайда қосымша автобустар жұмылдырылатын болады. 

Сонымен қатар, ауданға жол саласы бойынша 65 арнайы техника жеткізілген. Мәселен, 28 «хова» жүк көлігімен инертті (құм, шағалтас) материалдар тасымалданып жатыр. Бұдан өзге су басу қаупі бар аймақтарға 35 адам жұмылдырылып, бөгеттер жасауға қолғабыс еткен.

Өз кезегінде «Қазавтожол» ЖШС-і төтенше жағдайға 8 жүк көлігін, 2 трактор, 1 автогрейдер, 1 жүк артушы көлігі мен 10 жұмысшыны жіберген. 

Мекеме тарапынан 550 текше метр топырақ жиналып, бөгеттер үшін 2000 қап дайындалған.