29 қаз, 2021 сағат 20:47

Мақсат Жақау: «Ит жоқта көкек демпартия үреді»



Белгілі блогер Мақсат Жақау өзінің фейсбук парақшасында «Ит жоқта көкек демпартия үреді» деген тақырыппен қоғамды селт еткізер пост жариялады. Оның бұл жазбасы Ж.Мамай мен оның тіркелмеген демпартиясы төңірегіндегі ашық пікірі десек те болады.


«Қазақта «күл болмасаң, бүл бол» деуші ме еді. Расында саясаттың теориясы мен практикасынан хабардар адам, бүгінгі болып жатқан қазақ қоғамындағы псевдосаясаткер, псевдожурналист, псевдоұлтшыл балабатыр Жанболат Мамайдың әрбір қылығын қаперіне алмайтын жағдайға жетті» - делінген жазбада.


Блогердің пікірінше, Мамай қарапайым тілмен айтқанда нан қымбаттаса да, сиыр суалып кетсе де, қорадағы шөп өртенсе де атойлап, ұран салып қоғамды шаршатқан. 


Ол бұл туралы ойын «Мамайский демпартияға қарасақ, тура жеңілтек қыздың қылығы, бірде жылап, бірде күліп, бірде айқайлай жөнелетін тұрақсыз, негізсіз әрекеттермен көрініп жүр. Кімге керек бұл сайқымазақтық?!


Қоғам бастапқыда, бір сенгендей болып еді, артынша әрбір ұяға өз жұмыртқасын тастап жүре беретін жеңілтек көкек («кукушка») партиясының жеңіл жүрісіне мән де бермейтін болды. Ол заңды да, не қалды онда ақылға қонымды...», - деп жалғастырады. 


Сонымен қатар, ол Мамайға ергендерге көшенің бұрыш-бұрышында құр айқаймен еліміздің кешенді саясатын қопаратындай жүгіріп жүріп, күлкі болғанша заңды жолмен әуелі партияның уставын, жарнасын, бағдарламасын белгілеп, бекітсе қайтеді деп кейігенін білдіре отырып, бұндай сайықмазақтық еліміздің өркениетті азаматтық қоғам құруына да үлкен кедергі болатындығын атап өткен.


Мамайдың әрекеттері біресе цирктегі клоунға, біресе әр жерден жем шоқыған тауықтарға, тіпті кейде елді ақымақ көріп соған арамза молда болғысы келетіндей көрінеді десе, қарызын жұрттан жинаймын дегені қай сасқаны деп отыр.


Оның ойынша мұндай алаяқтар бизнесте, саясатта, яғни әр салада өріп жүр. Осындай алаяқ, қияли хайперлерге елді алдауды, қоғамды орынсыз дүрліктіруді, жұртты аздыруды қою керек деп, ақылымен де бөліскен.


Мақсат Жақау жазбасының соңын «Заман іскерлікті, еңбекті, сарабдалдылықты, парасаттылықты, жасампаздықты қажет етеді. Бізге де осы керек!», - деп түйіндеген.