03 ақп, 2018 сағат 12:09

Мақпал Жүнісова: "...Мақпал түшкірсе, күллі Қазақстан естіп қояды"

Мақпал ЖҮНІСОВА, әнші,

Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

– Ән ғұмырда әншіге ең қажет не деп ойлайсыз?

– Әнші орындаған әр ән халықтың көңілінен шықса, арманының орындалғаны. Халық алдында еткен еңбегі бағаланып, айтқан әні елдің жүрегінде сақталса, әншіге ең қажеті – сол. Авторлардың жүрегінен шыққан сөз бен сазды әнші жан-тәнімен беріліп айтпаса, халықтың жүрегіне жету қиын. Ел алдына шығып ән айтқан соң, көпшіліктің бағасын алып, қошеметіне бөленгіміз келеді. Барған жерде: «Қызымыз келді», – деп құшақ жая қарсы алған жұрттың ықыласынан қуат аламыз.

– Еткен еңбегіңіз бен қоғамдағы орныңызға лайық құрмет көрсетілмей қалған жағдайда қандай сезімде боласыз?

– Менде ондай болған жоқ. Ертеректе бір-екі өлеңмен ғана таныла бастаған уақытта бірді- екілі жағдай болды. Бірақ оны қазір айтудың қажеті жоқ.

– Асыра мақтап кеткен тұста ше?

– Ондай жағдайлар бар. Алайда, асыра мақтағаны үшін халықты жазғыруға болмайды. Жақсы көрген адам өзінің ықыласын жеткіземін деп кейде асыра мақтап жібереді. Instagram әлеуметтік желісіне суреттер мен видео салғанда жұрттың көзсіз мақтайтынын байқаймын. Тіпті, мінсіз адам секілді болып қаламын. Мұндайда өзімді ыңғайсыз сезінемін. Оларға асыра мақтамаңыздар деп жазу ыңғайсыз, әндерімнен алған әсерін бүкпесіз жеткізіп отырған жандарды ренжітіп алуым мүмкін. Арасында өте бір жайсыз сөздер жазатындар да бар. Олар көбіне, Құдай берген дене бітіміме байланысты «неменеге сонша семіріп алған» деген секілді ұсақ әңгімелер айтады. Экранда толық көрінетін шығармын, ал өмірде, Құдайға шүкір, өзіме көңілім толады. Орнымен айтылған сынға иланып, одан нәтиже шығаруға тырысамын. Парақшама жазған адамдардың пікірлерін оқып, кейбіріне бір ауыз сөзбен жауап бергеннің өзінде біраз уақыт кетіп қалады. Мұны байқаған қызым: «Мама, сізді жақсы көретін тыңдарман пікір жазбаса да, парақшаңызды ашып көреді», – деп парақшамды коментарий қалдыруға болмайтын етіп жасап қойды. Шынымен де, көп уақытымды Instagram-ға арнайды екенмін, енді көп жұмысқа үлгеретін болдым.

– Сіз әншілікті бастаған уақыт та әнші мен халықтың арасында мұндай тығыз қарым-қатынас болған жоқ. Сіз үшін халықпен тығыз қарым-қатынас тиімді ме, әлде әншінің көрерменнен алыстау болғанын жөн көресіз бе?

– Жас кезімізде бір-екі ай гастрольге шығып, шалғай ауылдарды аралап концерт қоятынбыз. Күніне 4-5 концерт беретін кездер болды. Арасы 30-40 шақырым болатын колхоз-совхоздың тұрғындары бізді шексіз қошеметпен қарсы алатын. Тіпті, қазан-қазан ет асып күтетін, одан ауыз тиіп үлгермесек, сахнаның артына алып келетін. Оған да уақыт тапшы болса, сөмкемізге салып беретін. Келесі ауылда да осындай құрмет көрсетеді. Күніне 2-3 сағат қана ұйықтаймыз. Жастықтың әсері ме, әлде халық ықыласының күші ме, шаршау дегенді білмеппіз. Ол кезде қазіргідей Instagram болмағанмен, халықпен хат арқылы тілдестік. Жатақханада тұрсақ та, сұраған жанға вахтаның телефон нөмірін беретінбіз. Сондықтан халықтан алыстап кеткен кезім жоқ. Өмірім халықтың алдында өтті. Ауыл еңбеккерлерімен, шопандармен, егін дала сындағы егіншілермен, студент термен арнайы кездесу өткізетінбіз. Талай адамның үйіндегі альбомда суретіміз бар шығар. Бірақ мұның барлығын жүйелі түрде суретке, бейнетаспаға түсіріп, мұрағатта сақтаған ешкім болмады. Телеарналар ұдайы біз бен бірге жүрген жоқ. 

Қазір қай тойға бармаңыз қаптаған камера, тіпті концертті дәл солай түсірмейді. Заман өзгерді дейміз, бірақ заман өзгерген жоқ, адамдар өзгерді.

Баяғыда бауырым үйленгенде қала әкімінің жары болсам да, үйіміздің іргесіне палатка тігіп той жасадық, сіңлілерімнің де тойы солай өтті, ысырапшыл болмадық. Туыстарыма: «Зәкеңе салмақ салмаңдар, мемлекеттің дүниесі есептеулі және ол кісінің әкесінен қалған байлығы жоқ», – дедім. Расында, Зәкең орынсыз тірлікті ұнатпайтын.

– Қазір эстраданың жанры көбейді. Бұл сізге қалай әсер етеді? Бәсекені ұлғайта ма, әлде сіз өз стиліңізді сақтауға тырысасыз ба?

– Мұның маған еш әсері жоқ. Мені халық ең алғаш қалай қабылдады, әлі де солай қабылдап келеді. Концертіме адам жиналмай қалған кез болған жоқ. Осы күнге дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісімін. Алтынбек Қоразбаев ағамыз басқаратын мекемеде Қуаныш есімді администратор бар. Концерттің қай қалада, қашан өтетінін осы кісілер шешіп, ұйымдастыру ісімен де өздері айналысады. Концерттен түскен ақша «Қазақконцертке» беріледі. Егер мұндай концерттерден уақыт арттылса, өзімізге арнайы концерт жасаймыз. Ал уақыт табылмаса, қаржыны тойдан табамыз.

– Демек, сіздерге концерттен қаржы түспейді?

– Концерттен ұдайы ақша табамыз деп айта алмаймын. Егер өзіміз барып жеке концерт қойсақ, әрине, ақша табуға болады. Былтыр мен жақсы жұмыс істедім, еңбегім еш кеткен жоқ, әр концерттен кемінде бір жарым, екі миллионға жуық ақша таптым. Бірақ мен «Қазақконцерттің» әншісі бол ған соң, көбіне сол бірлестікке жұмыс істеймін. Қай әншінің үкіметке, қай әншінің өзіне жұмыс істейтінін анықтау, меніңше, қиын емес. Ернар Айдар, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды жас әншілер ешқандай өнер ұжымына бағынбайды, еркін жүреді. Олар 100 концерт берсе, 100 концерттің де ақшасы өз қалталарына түседі.

– Ірге бөліп, жеке жұмыс істегіңіз келмей ме?

– Мына жасымда «Қазақ концерттен» бөлек кеткенім жарамас. Бір-екі рет өтініш жазып ем, басшылық: «Қазақконцертті» қалай қиып кетесіз, – деп қол қоймады. Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағамбетова, Сара Тыныштықұлова, Нұрлан Абдуллин, «МузАРТ», «Меломен» тобы барлығымыз осы – «Қазақ концерттеміз».

– Өзіңізден кейінгі әншілерден кімді тыңдайсыз?

– Барлық әншілерді тыңдаймын деп айта алмаймын. Концерттерде, композиторлардың шы- ғармашылық кештерінде кейбіріне құлақ саламын. Көбіне жастардан, сіңлілерімнен, құрбыларымнан: «Қандай әнші халықтың аузында жүр, кімдерді халық жақсы қабылдап жатыр?», – деп сұрап алып, сол әншіні youtube арқылы тыңдаймын.

– Халықтың аузында кім жүр екен?

– Қазір олардың атын атағым келмейді. Өйткені, әрбір әншінің жүрегі нәзік. Халық қабылдамай жатса да, өзіне жоғары баға беретін әншілер бар. Сол себепті, бірін атап, бірін атамай қалсам, дұрыс болмайды. Барлығымыз бір терінің пұшпағын илеп жүрміз.

«Зың-зың», «дың-дың» деген әндер көбейіп кетті», – деп сын айтып ем, біраз адамдар: «Ол хит қой», – деп ренжіді. «Зың-зың», «дың-дың» деген екі ауыз сөз қалай хит болады?.. Мәселен, менің кез келген әнімді таңнан кешке дейін эфир мен радио арқылы үзбей берсе, менің де әндерім жаппай тыңдалар еді. Алайда, халықтан жоғары баға алып жатса да, әндерім хит деген тізімге ілінбей қалады. Хит деген сөз әннің жақсы екенін білдіруден қалды, қазір хит деген ұғым таңнан кешке дейін үзбей берілетін ән дегенге жақын.

Мен қазір әр телеарна мен радио басшылығына барып, менің әнімді қойыңдар деп сұрайтын жастан кеттім. Тыңдайтын құлаққа жақсы ән қалай да жетеді, 1000-2000 адам болса да менің әнімді шын ұнатып, ұдайы тыңдар болса, соған да шүкір. Бәлкім жастармен жарысудың қажеті де жоқ шығар, бәрібір қазіргі хит деп жүрген әндерді бес жылдан соң ешкім айтпайды, ол әнге ешкім билемейді.

– Таласбек Әсемқұлов «Әнші Мақпал» атты мақаласында «Мақпал ең алдымен мәтіннің ар жағында тұрған психологиялық партитураны тануға тырысады» деген екен. Қазіргі әндердің «мәтінінен психологиялық партитураны» қаншалықты сезінесіз?

– Мен туралы кеңінен зерттеп, ауқымды түрде жазылған бір мақала болса, осы шығар. Мұқият оқып шықтым. Сахнада жүргеніме 36-37 жылға жуықтады, осы уақыт аралығында адамды елең еткізер жақсы мақала болды, тіпті мені танитын журналистердің өзі мұндай мақала жазбады. Таласбек Әсемқұловты өмірде кездестірмеген екенмін, біраз жыл бұрын қайтыс болыпты, жаны жәннатта болсын. Бірнеше жыл бұрын шетелге барғанымда, сондағы қазақтар бұл мақалаға сүйсініп отырды.

– Қазіргі әндерден осында айтылған «психологиялық партитураны» таба аласыз ба?

– Жалпы, репертуар іздеп сабылған емеспін. Композиторлардың барлығы дерлік «Қазақконцертке» іздеп келіп әндерін береді. Тіпті, уатсап арқылы жолдап жүреді. «Қазақконцертке» жиі келмейміз, келгенмен де онда отыратын кабинет те, зал да жоқ, әнді үйде айтып, дайындаламыз.

Жұрттың барлығы жауабын таба алмай жүрген: «Неге фонограммамен ән айтатын әншілер көбейіп кетті?» – деген сұрақтың жауабы дәл осы жерден табылады. Әншілер ұдайы келіп дайындалатын зал жоқ, зал бола тұра дайындық жасай алмаймыз. Өйткені, барлығы арендаға берілген, музыкант та жоқ, әр жақта жалданып ақша тауып жүр. Ал енді Алматыда үлкен концерт берер болсақ, музыканттарды жалдап, концерттің алдында бір ай дайындаламыз, одан кейінгі он бір ай фонограммамен өтеді. Себебі, Республика аумағына музыканттарды бірге ертіп жүру, олардың жатын орны мен тамағын қамтамасыз ету қаржыға келіп тіреледі. Кезінде мұндай проблеманы білген жоқпыз. «Гүлдер» ансамблінде 9 жыл 90 рубль айлыққа жұмыс істедім. Жолымызға, тамағымызға, тіпті, костюмімізге де үкіметтен ақша бөлінетін. Қазір мұның барлығын әншілер өз қалтасынан төлейді. Костюмді де өзің тіктіріп, музыкантты да өз қаражатыңа алып жүресің. Ауылдарға барғанда даусың сыңғырлап тұрса минуспен, қырылдап тұрса фонограммамен айтасың. Біз әншілерге қойылар талап жоғары кезде үлкен мектептен өттік. Сол мектептің талабының арқасында қазір халық фонограммамен айт десе, фонограммамен, жанды дауыста айт десе, жанды дауыста айта береміз. Көбіне, телеарналар түсіретін концерттерде фонограммамен айт деген талап қойылады. Өйткені, 30-40 әншінің басын қосқан ән кешінде дауыс тұнық шығу керек. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де орын алған жайт. Әр мерекеде әншілерді жиып түсірілетін телеконцерттердің барлығында да сондай талап бар.

Мұндайда ең алдымен әнші болуға енді аяқ басқан жас буын зардап шегеді. Жастар фонограмманың жолын өздері таңдады десек, қателесеміз. Олар дайындалғысы келсе де, дайындық жасайтын залдар мен музыканттар жоқ.

– Өнертанушылар қазіргі әндерде қазақы бояудың жоқ екенін, әншілердің орындау мәнері қазақылықтан алыс, еуропалық бағытқа ауып бара жатқанын жиі айтып жүр. Сіздің ойыңызша бұған не себеп?

– Ондай мектепті қалыптастырып отырған адамдар мен жат мәнермен ән айтатын әншілерді дайындап отырған орталықтар бар. Оның кім екенін ән өнерінің айналасында жүрген жандар жақсы біледі. Соған жастардың құлағын үйретіп, қазақы әуезден алыс музыканы насихаттап жүрген ақпарат құралдары шаш етектен. Телеарналар мен әуе толқынынан берілетін әндер ешқандай сарапқа салынбайды. «Мынау қазақы ән емес» деп айтатын адам жоқ. Біздің кезімізде әр әніміз сарапқа салынатын: «Сөзін жазған адам Жазушылар одағында тіркелген бе?», «Музыкасын жазған адам Композиторлар одағына мүше ме?» – деп тексеретін. Тіпті, қазір жаңа ән жазбай-ақ, сол жылдардағы әндерді бүкіл өмірімізге азық етсек де ештеңеден ұтылмаймыз…

– Өзіңіздің ән айту мәнеріңізді жастарға үйретейін деген ойыңыз жоқ па?

– Менің ойымша, сезіне білген, түйсіне білген адамға өзімнің ән айту мәнерімді үйреттім. Талай ұрпақ: «Мақпалдай әнші боламын!», – деп өсті. Мәселен, Шахизада мен Бақыт Шадаева менімен кездескенде: «Сіздің әніңізді айтып өстік», – деп айтады. Әндерімді тыңдап, мен сияқты әнші болғысы келген көп әншілерді білемін, бірақ ешқайсысы дәл мендей болып шыға алмады, ол міндет емес те шығар. Менің орындаушылық ерекшелігімнің себебін Тәттімбет, Мәди, Рабиға Қойшыбаева сынды талантты адамдар туған топырақтан іздеу керек пе, әлде ол маған берілген Жаратқанның сыйы ма, ол жағын анық білмедім.

– Эстраданың романс, шлягер деген түрлері қазір бар ма?

– Романстар ылғи да бар ғой… Мен ұдайы романстар айтамын, оның барлығы телеарналардан беріле бермейді. Мәселен, Ержан Белғозиевтің романстары қандай ғажап! Сәкен Қалымовтың өте әдемі романсы шықты, мен оны концертте бір-ақ рет орындадым.

– Кейінгі жастардың репертуарынан кездестіре алдыңыз ба?

– Кейінгі жастарда романс айтатындар жоқтың қасы. Романс айтуға дауысы лайық әншілер болады. Ақбота Керімбекованың дауысы романс айтуға жақсы келетін еді. Ол өте күрделі жанр, көп адам айта алмайды, оны айту үшін үлкен жүрек керек. Бұдан біраз жыл бұрын орыс тілінде «С любовью» деген атпен романстар жинақталған альбомым шықты. Орыстілді тыңдарман арасында тез тарап кетті. 3500 данамен шығып еді, қазір өзімде 5-6-ы ғана қалды. Кейінірек, Мәскеуде 50 шақты адамның алдында сол романстарды орындағанымда, ондағылар Ресейде концерт бермей жүргенімнің себебін сұрай жөнелді. Ол туралы шынымды айтсам ойланбаған екем. Кезінде «Қазақконцертте» Күзембаев деген директорым болды. Зәкең жұмыстан шығып қалған кезі еді. Күзембаев хабарласып: «Сенің жеке концертіңді Москвада өткізгелі отырмыз, дайындал. Үкімет саған ақша бөлді деді», – деді. Оны естіп, әрине, қуандым. Зәкеңе келіп айтып ем, ол кісінің түрі бұзылып: «Бармайсың», – деді. Мәскеуге барамын да, барамын деп бұлқан-талқан болған жоқпын. Мүмкін өзі үйде отырған тұста осындай ұсыныс түскені ұнамаған шығар. Қалай дегенмен де ол кісінің қалауынсыз менің Москваға бармайтыным анық еді. Әйтпесе, ол кісі менің өнерімді өте жоғары бағалайтын.

Содан кейін маған үкіметтен мұндай ұсыныс түскен жоқ.

– Қазір сондай мүмкіндік туса, барар ма едіңіз?

– Барар едім.

– Өмір жолыңызда сахнадан, экраннан алыстаған кезіңіз болды. Ол күндерде не сезіндіңіз? Әншінің айдыны сахна дегенге келісесіз бе?

– Зәкең атқа мінсе, мен де атқа мінер ем, ол аттан түссе, мен де түсер ем. Ол – өмірдің заңы. Ол тек менің басымдағы ғана дүние емес, талай адамның басынан өтіп жүрген жайт. Бірақ біздің басымыздағы дүние ерекше көзге түсетіні Зәкең де айтулы, тау тұлғалы азамат еді. Мен де жерде жатқан қыз емес едім. Сол себепті, Мақпал түшкірсе, күллі Қазақстан естіп қояды.

– Ән ғұмыр. Адам ғұмыр. Екеуінің бір-бірінен жалығатын, шаршайтын кездері бола ма? Оны қалай еңсересіз?

– Әннен ешқашан жалыққан емеспін. Басыма қайғы түссе жылап тұрып, қуансам шаттыққа бөлене жүріп ән айттым. Бұралаңы көп, қатпары қалың, тәтті өмірде мені Мақпал етіп алып келе жатқан – Ән! Ән және ағаларымыздың ұлы поэзиясы! Жүрегімнің түбіндегі айта алмайтын сырымды да, мұңымды да, сүйінішім мен күйінген сәтімді де ән арқылы халыққа жеткізіп, ән арқылы жеңіл деніп, арқамнан ауыр жүк түс кендей ғұмыр кешіп келемін. Әнші болғаннан соң ән айтпасаң өмір бекер. О бастағы бала арманым, алты жасымнан бастап өзімді «Халық әртісі» деп хабарлатқан әнге деген ықылас, марқұм әкем нің: «Сен үлкен әнші боласың», – деп Қарағандыдағы музыка мектебіне беруі, осы жолды таңдауыма сеп болды. Бәлкім бұралаңы-бұлтарысы көп болған шығар, бірақ мен осы тағдырыма ризамын. Тек әттеген-ай деген бір ғана нәрсе – әке-шешемнің қасында көп бола алмадым, ол кісілердің жылуын көп сезінбедім. Жылына бір-ақ рет ауылға баратынмын, тоғыз жыл жатақханада тұрдым. Пәтерге енді қолым жеткенде тағдыр Зәкеңе қосты. Өмірім солай жалғасты…

Зәкең маған деген адалдығын, өнерге деген адалдығын дәлелдей білді, аялады, қолдады, сонымен қа тар, қамшылап отырды. Әкем нен ерте айрылған соң шығар, Зәкеңді әкемдей көріп сыйладым, одан кейін ол сезім махаббатқа ұлас ты. Тағдырдың бар қиынды ғын әнмен жеңіп келе жатқанда одан қалай жалығуға болады?..

Ән – тек менің тағдырым ғана емес. Мұқағали, Фариза апамыз, Тұманбай Молдағалиев, Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев сынды ақындардың қай өлеңін әнге қосып айтсам да, оның барлығы тек маған арналып жазылған жоқ қой… Жалпы халыққа арналды. Онда әр қазақтың үні, қазақ қызы ның, қазақтың жалғызбасты әйел дерінің тағдыры жатыр.

– «Қазақтың ерке қызымын» деген әніңіз бар. Осы әнді естіген сайын өзіңіз жазғандай әсер етеді…

– Бұл ән маған арнайы жазылған. Өзімді-өзім қазақтың ерке қызымын деп айтқым келді дейсіз бе? Зәкең қайтыс болып, көңілім құлазып, осымен өмір аяқталды деп жүрген кезім еді. Бір күні «Қазақконцертке» келсем, сол жерде музыкант болып жұмыс істейтін Мұхит Қасқырбаев есімді жігіт: «Әйтеуір, келдіңіз-ау! Мен сізді күтіп жүргеніме бір жыл болды. Сіз- ге арнап «Қазақтың ерке қызымын» деген ән жаздым», – деді. Мен бірден сөзін қарап шықтым. «Бибігүл мен Роза бар» деген жолды «Бибігүл мен Розалар» деп айтуды ұсындым, екеуі де Халық әртісі, екеуін бөлмей-ақ қояйық дедім. Ал, әні бір тыңдағаннан ұнады. Еңсем езіліп тұрған шақта алға жетелейтін, шабыт беретін әуен екен. Мұхит Қасқырбаевтан аранжировка жасауын өтіндім. Осылайша, бұл ән менің репертуарыма енді. Бұған дейін де маған арнайы ән жазып әкелген жандар өте көп болды. Өзімді-өзім көкке көтеріп, мақтап ән айтуға қарсы болған соң да оларды жаздырмай жүр ем. Мысалы, Алтынай Жорабаева айтып жүрген «Елімнің жүрегі – Астана» деген ән о баста маған арналған ән еді. Музыкасы дәл сол, тек сөзі басқаша болатын. Менде сол әнді жазған композитор біздің үйде отырған, Зәкең Мерейді көтеріп алып билеп жүрген бейнетаспа бар еді, қазір соны дәлел ретінде көрсетейін десем таба алмай жүрмін. Ән әжептеуір жақсы танылды. Тек, әлгі Махамбет есімді композитордың маған арнап ән жаздым деп әкеліп, кейін оны сатып жібергені ыңғайсыз болды.

«Қазақтың ерке қызымын» деп шырқағанымды жаратпаған кей бір адамдар Instagram желісінде, Мақпал өзіне-өзі «Қазақтың ерке қызымын» деп ат қойып алды деп сынады. Неге олай дейді?.. Әнді өзім жазған жоқпын, маған арнап әкелген әнді орындадым, оның несі айып?.. Ол жерде Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мадинаның аты аталады. Аналарымыздың атын атай келе, «соңдарынан ерген ізімін» деп шырқаймын. Қазақтың Ерке қызымын десем, шынымен қазаққа еркелеп өстім, мені орыстың немесе өзге ұлттың әні тербеген жоқ.

– Өзіңізбен дуэт болып ән айтқысы келген адамдарды қалай таңдайсыз?

– Қайбір бала келіп дуэт айтқысы келсе де, бірінші әннің сөзіне қараймын. Жұбаныш Жексенұлымен Мақсат Жәутіковтің ағалы-қарындасты бауыр туралы әнін орындадық. Ол да бір-екі рет эфирден берілді де тоқтады. Өте әдемі еді. Ұдайы қойылмаған соң хит болған жоқ. Біздің композитор жігіттер өте қарапайым. Мәселен, осы Мақсат Жәутіковтің қаншама әнін орындадым. Солардың барлығын насихаттаса хит болар еді. Бірақ авторлар ондайға аса көңіл бөлмейтін сияқты. Мүмкін, жақсы әннің сирек таралғаны да жөн болар..

– Жақында Төреғалидің басындағы жайсыздау жағдайға байланысты халықтан Төреғалиді кешіруді сұрадыңыз. Олай деуіңізге не түрткі болды?

– О баста мұны айтайын деген ой болмаған. Дәл сахнаға шығар алдында бір журналист келіп менен: «Төреғалиді жақтаңызшы», – деп сұрады. Төреғалидікі дұрыс деп айтқан жоқпын. Тек, Төреғали балаларыңыз дұрыс жасамады деп айттым. Өкінішке қарай, журналистер менің сөзімді толық бермей, кешірім сұраған жерімді ғана таратқан. «Балаларыңыз дұрыс жасамады, бірақ кімнің басынан өтпейді, бала ғой. Менің де сүрінген кезім болды, мені де кешірдіңіздер, Төрешті де кешіріңіздер, баланың сағы сынбасын», – дедім.

– Бұқаралық мәдениет деген сөз кейінгі кезде жиі атылады. Сіздіңше өнер жікке бөліне ме?

– Жікке бөлінгенінің де себебі бар шығар. Өйткені, отырыстарда айтылатын әндер үлкен сахнаға шығып кетті. Баяғыда жігіттер аулада отырып: «Есік алды бәйтерек, бәйтерекке су керек. Ұзын бойлы жігітке қысқа бойлы қыз керек», – деп ән айтатын. Сондай әндерді үлкен сахнаға әкеліп, еңбегі сіңген, қадірлі әншілер қатысатын концерттерде айтқызатын болдық. Оның қалай сыналап еніп, кең етек алып кеткенін аңдамай да қалдық. Бір-екі ән айтқан адамды электронды ақпарат құралдарының журналистері «қазақ эстрадасының жұлдызы» деп «жарқыратып» еді, аяғы әннің қадір-қасиетін қашырып, әнші болу оңай деген ұғымды қалып тастырып жіберді. Әйтпесе, бізден бұрын өмір сүрген аға-апаларымыз қазақтың әні мен сөзі қандай болуы керек екенін білді емес пе?! Оны ұрпақтан ұрпаққа бүгінгідей эфир, радио, телефон болмаған уақытта балаларының құлағына сіңірді. Сол себепті де, таза ән ешқашан өлмейді. Ал енді қазіргі ұсақ-түйек ән сымақтардың ғұмыры қысқа, олар бүгін бар, ертең жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Назым Дүтбаева,

"Қазақ әдебиеті" газеті.

Түпнұсқадағы тақырып: "Тағдырдың бар қиындықтарын әнмен жеңіп келем"