Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова оқушылар үшін «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Балалардың тұлғалық тұрғыда айқындалуын дамыту, олардың қабілеттерін ұштау, оқушылардың адамгершілік және рухани қасиеттерін шыңдау үшін қосымша білім берудің маңыздылығын ескере отырып, министрлік «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосты. Жоба 1-11 сынып оқушылары үшін әзірленген және ұзақтығы 10-15 минуттан аспайтын онлайн-форматтағы қысқа бейне-сабақтарды қамтиды. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды турлар жасап, опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілерін, қазақстандық және шетелдік қызықты кинофильмдер мен мультфильмдерді көріп, таңғажайып музыкалық туындылардың дыбысын тыңдай алады», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар министр оқушыларға арналған madeni-m.kz сайты барын айтып өтті. Аталмыш сайтта қазақ және орыс тілдерінде музыкалық өнер, театр өнері, кинематография, бейнелеу өнері және «Қасиетті Қазақстан» атты 5 бағыты бойынша барлық білім беру бейне-сабақтары қолжетімді.