25 қар, 2020 сағат 13:36

Мәдени жобалар мемлекетпен серіктестікте дамуы керек – Рухани жаңғыру

IX Азаматтық форумда белгілі ақын, акселератор сарапшысы Мақпал Жұмабай мәдениет және өнер жобаларын жүйелі дамыту мәселелерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дегенде ең алдымен көз алдымызға мәдениет саласындағы жобалар келеді. Бірақ осы акселератор өзінің жан-жақтылығымен, «Рухани жаңғыру» идеясының принциптерін кеңейтуімен қоғамға ерекше көзқарас әкелді деп ойлаймын. Бұл акселерация 6 бағыт бойынша жүрді, алты бағыт та қоғамда өзекті болып саналады. Соның ішінде маған мәдениетке қатысты жобаларды бақылап-қадағалап, сарапшылық ойларымды ортаға салуға мүмкіндік берді. Мәдениет және өнер саласы бойынша бестен аса жоба масштабтауға дайын тұр», - деді Мақпал Жұмабай. 

Оның ішінде қазақ дизайнерлерінің жаңаша көзқарасын әлемге танытатын ASPARA FASHION WEEK, тарихи-реконструкциялық «Темір түмен» клубы, «Қазақтардың материалдық емес мәдени мұрасы», «Номад» жобалары бар. 

«Әрі қарай қазақ мәдениетін қай тұрғыда, қалай дамытуға болады деген сұрақтарға алдағы 5-10 жылға өзіміз үшін межелер қойдық. Осының барлығы азаматтық қоғам мен мемлекеттің бірлесуі арқылы жүзеге асқаны қуантады. Өйткені, осы тұрғыда мемлекеттің позициясын анық көрдік. Бұрын көрермен ретінде, сыншы ретінде барлығына сыни көзбен қарап жүрсек, мұнда белгілі бір деңгейде заң жасаушы, заңға өзгеріс енгізуші, құрылымдарды өзгертуші рөлінде көре алдық. Осы акселерациядан өткен 20 жоба барлық тұрғыда өз мүмкіндіктерін көрсетті, мемлекет алдында өзінің болашақта қалай дамитынын толық дәлелдеді», - дейді спикер. 

Оның айтуынша, бұл жобалар акселератор біткен соң да нарықта дами алады, бірақ мемлекетпен серіктестікте дамитын болса, мемлекеттің ұтары көп болады. 

«Акселератор еш қаражат берген жоқ, бірақ сонда да жобалар үлкен қызығушылықпен соңына дейін жетті. Енді болашақта қаржыландыру көздерінің формасын табу керек деп есептеймін. Өйткені бұл жобаларды мемлекет тарапынан қаржыландыруға және басқа да қаржы көздерін тартуға болады. Масштабтау туралы да бүгін терең ойлар айтылды, алдағы жылы соның куәсі болсақ деп ойлаймыз. Сарапшылар қауымдастығы ресми жұмысын тоқтатса да, бейресми түрде дами береді», - деді Мақпал Жұмабай.