18 қар, 2024 сағат 18:17

Мәһірді қазақ дәстүріндегі қалыңмалға теңеуге бола ма: ҚМДБ жауап берді

Фото: Ernur.kz

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қалыңмалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Басқарма өкілдері Ислам шариғатындағы мәһір ұғымымен салыстырғанда, қалыңмалдың өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтары барын айтты.

Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар дейді сарапшылар.

Ғалымдар арасында қалыңмалды мәһір деп тануға қатысты әртүрлі көзқарастар бар:  

  • - Мәһір ретінде тану: Кейбір ғалымдар, соның ішінде Хорезмдік исламтанушылар, қалыңмалды мәһірдің тездетіліп берілетін түрі деп есептеген. Имам әл-Касани мәһірді қыздың әкесі алып, кейін жасауын дайындауға жұмсауын әдетке сай деп түсіндіреді.  
  • - Сыйлық ретінде қарау: Ибн Абидиннің пікірінше, егер қалыңмал мәһір ретінде айтылмаса, ол қайтарым шартымен берілген сыйлық саналады. Бұл жағдайда қыздың жасауын талап ету әдет-ғұрыпқа сай орын алады. 
"Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады", - делінген хабарламада.


Алайда, «әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың ата-анасына немесе туыстарына берілетін сый-сияпат мәһірге жатпайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз қаржысынан дайындаса, бұл да мәһір болып есептелмейді.  

Қалыңмал берілмейтін жерлерде некені шариғатқа сай дұрыс деп тану үшін мәһір белгілеу міндетті. Мәһір белгіленбеген жағдайда да неке дұрыс болады, бірақ күйеуі мәһір-мисл (әдеттегі мәһір) төлеуі тиіс.  

Қорытындылай келе, Діни басқармасының үкімі бойынша:

  • 1. Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
  • 2. «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды.