22 қар, 2019 сағат 14:06

Лос-Анджелесте ұшақ аспанға көтерілген сәтте өртенді

Philippine Airlines әуе компаниясының Boeing 777 ұшағының қозғалтқышы өртке оранғаннан кейін Лос-Анджелес әуежайына оралуға мәжбүр болған, деп хабарлайды CBSLA.

113 рейсі Манилаға бағыт алған, оның бортында 347 жолаушы болған. Ұшақ Лос-Анджелес халықаралық әуежайынан 21 қараша күні жергілікті уақытпен 11:00-де көтерілген.

Жолаушылардың бірінің айтуынша, лайнер әуеге көтерілгеннен кейін салоннан төрт рет қатты соққының дыбысы естіліп, оң жақ қозғалтқышы жана бастаған.

Оқиғаны жердегі Лос-Анджелес тұрғындары видеоға түсіріп алған. Видеодан ұшып бара жатқан ұшақ қозғалтқышында өрт шыққанын көруге болады.

Авиалайнер ұшқаннан кейін бір сағат өткен соң әуежайға қайта қонды. Әуе кемесі өкілінің айтуынша, қозғалтқыштағы өрт механикалық ақаулар салдарынан тұтанған.

Рейс жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Олар басқа ұшаққа отырғызылды.