16 сәу, 2020 сағат 09:49

Лондоннан Петропавлға 85 студент ұшып келді: Екі жолаушыдан вирус анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында СОVID-19 жұқтырған соңғы екі науқаспен 93 адам байланыста болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев онлайн-брифинг барысында коронавирус індетін жұқтырудың соңғы екі жағдайы туралы мәлімет берді. 

«Коронавирус инфекциясы Лондон-Петропавл рейсімен келген екі адамнан табылды. Бірі – Канада университетінде оқыған 20 жастағы бойжеткен студент, екіншісі – 40 жастағы әйел. Екеуі де Қазақстанның басқа қалаларының тұрғындары. Қазір олар Петропавлдағы қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Жағдайлары жақсы, тиісті ем алуда», - деді Руслан Әлішев. 

Аталмыш екі науқаспен 93 адам байланыста болған, оның ішінде 20-сы – жақын қарым-қатынаста болғандар. Олар қосымша тексеріліп, Петропавлдағы стационарға 14 күнге карантинге жатқызылады. Қалған жолаушылар тұрғылықты жерлеріне жеткізіліп, үй карантиніне алынады.

«Рейстің 85 жолаушысы – оқуларын бітірген студенттер. Олардың басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары. Келгендердің арасында олардың отбасы мүшелері де бар. Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар да келді. Олардың барлығы ұшаққа билетті өз қаражаттарына алды», - деді облыс әкімінің орынбасары. 

Мәлім етілгендей, Ұлыбританиядан ұшып шығарда қазақстандықтарға медициналық тексеріс өткізбеген. Олар Петропавлға келгеннен кейін ғана КВИ-ға анализ тапсырған. 

«Рейс жолаушылары орналасқан қонақүй барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Індеттің таралуына жол берілмейді. Яғни тұрғындарға қауіптенуге негіз жоқ. Қонақүйдің қызметкерлері жұмыс істеп жатқан жоқ. Ол жерде тек медицина мамандары ғана еңбектенуде. Тамақ сырттан жеткізіледі. Ғимараттың ішінде де, сыртында да полицейлер күні-түні кезекшілік атқарып, күзетеді. Қонақүй толық оқшауланған», - деді Руслан Әлішев. 

Бұған дейін қонақ үйде орналастырылған Лондон-Петропавл рейсінің жолаушысы өздеріне жасалған жағдай туралы айтқан еді.

Соңғы мәліметтер бойынша, СҚО-да коронавирус індеті жалпы 28 адамнан анықталған.