Қазақстан кинематографының тарихы мен заманауи трендтері Лондондағы Қазақстан киносының онлайн-апталығын ашқан дөңгелек үстелдің тақырыбы болды. Шараны Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі және «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Джордж Вашингтон университетінің факультет істері және зерттеу бастамалары жөніндегі деканның орынбасары профессор Питер Роллберг сондай-ақ Аберистуит университеті кинотану ғылымының Құрметті профессоры Биргит Боймерс қатысты. Модератор лондондық Мария патшайымы университетінің Визуалды мәдениеттер кафедрасының докторанты Әсия Исембердиева болды.
Елші Е.Ыдырысов алғы сөзінде қазақ өмірінің барлық саласын қамтитын бай ауызша шығармашылық және табиғатпен бірлік дәстүрі қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі екендігін атап өтті. Е.Ыдырысовтың айтуынша, бүгінде бұл дәстүр киноға жиі жүгінеді, ал қазақстандық кинематограф ондаған жылдар бойы сапалы туындыларымен танымал болып, кеңестік киномастерлік мектебінің үздік қасиеттерін дала дүниетанымымен ұштастыра білді.
Профессор П.Роллберг ауызша шығармашылық және онымен байланысты актерлік шеберлік пен импровизация өнері қазақ мәдениетінде ерекше дамығандығымен келісті. Ол қазақстандық кинематографтың даму кезеңдеріне жан-жақты тоқтап, атап айтқанда, «Амангелді», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен», «Сұлтан Бейбарыс» фильмдері жайлы, сондай-ақ қазақстандық режиссер және киноактер, аңыз адам Шәкен Айманов туралы әңгімелеп берді.
Профессор Б.Боймерстің баяндамасы кейінгі кезеңге – «жаңа толқын» және тәуелсіз «партизан киносының» гүлденуіне арналды. Оның айтуынша, қазақстандық кинематографтың заманауи трендтері Қазақстанға ірі халықаралық кинофестивальдерде жиі атын шығаратын мүмкіндіктер береді.
Ол сондай-ақ қазақстандық кинематографты дамыту, тәуелсіз киноны қолдау және халықаралық кинопродюсерлермен байланыс орнату үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл Қазақстанға әлі де өзінің тілі болып табылатын, бірақ сонымен бірге халықаралық резонанс пен әмбебап контекстке ие тілде сөйлей бастауға нақты серпін береді. Мұндай ынтымақтастық қазақстандық фильмдердің халықаралық көрерменге жол табуы үшін өте маңызды», – деді профессор.
Ұлыбританиядағы қазақстандық киноның онлайн-апталығында отандық кинематограф классикасының жауһарлары, сондай-ақ қазақстандық кинематографистердің халықаралық деңгейде танылған жұмыстары ұсынылған.
Бірінші күні көрермендерге режиссер Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» фильмі көрсетілді. Туындыда бір кездері құлдыққа алынып, Мысырдың билеушісі болған қыпшақ баласының оқиғасы баяндалады. Картинаның басты кейіпкері өзінің ұзақ және драмалық өмірінің соңына қарай билікті, махаббатты, ренішті және Отанына деген жан күйзелісін бастан кешіріп, ата-бабалары тұрған жерге – туған қазақ даласына оралады.
Онлайн-көрсетілімдерге британиялық киносыншылардың қатысуымен ұйымдастырылған актер және режиссерлермен эксклюзивті сұхбаттар өткізілді. Сұхбаттарға қатысушылар:
- «Қыз жылаған» фильмінде екінші пландағы рөлді сомдаған белгілі қазақстандық актер Дулыға Ақмолда. Фильм ядролық қаруды сынаудың эпицентрінде орналасқан Семей облысындағы қазақ ауылының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің режиссері Сатыбалды Нарымбетов 2021 жылы мезгілсіз қайтыс болды;
- Нариман Төребаев, Федор Достоевскийдің «Белые ночи» повесінің желісімен түсірілген «Шытырман» фильмін түсірген танымал қазақстандық кинорежиссер;
- актер және режиссер Санжар Мәди. Ол еуропалық жұртшылыққа қазақтың вокалдық-орындаушылық өнері мен ұлттық аспабы – домбыраны бірінші болып әлемге танытқан Әміре Қашаубаев туралы сыр шертетін «Әміре» фильмінің басты кейіпкері;
- кинорежиссер Әділхан Ержанов. Оның «Сары мысық» фильмі 2022 жылғы «Оскар» сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына Қазақстаннан ұсынылды.
Барлық фильмдер мен сұхбаттар 2021 жылдың 15 желтоқсанына дейін мына сілтеме бойынша қол жетімді.