Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда кедергілерін жою қажет. Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге мерзімі жеткен проблеманы – өзара саудадағы кедергіні шешу қажет. Локдаун кезеңінде олардың саны артып кетті. Экономикалық белсенділік қалпына келгеннен кейін де ол өздігінен жойылып кетпейтіндігіне қауіп те бар. Аталған шектеулер сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына зиянын тиігізеді, одақтың өсімі мен даму әлеуетін шектейді», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан және одаққа мүше қалған елдер нарық қатысушыларының барлығы үшін тең мүмкіндік жасауды әрі кемсітушілік жағдайлар болдырмауды қолдайды.
«Комиссияның кедергілермен күресі тоқтаусыз сипатқа ие. Бірақ, бұл жұмысты ерекше тиімді деп айта алмайсың. Бұл - ұлттық деңгейде салдарды шешумен күрес. Осылай айтуға болатын болса, онда барынша превентивті одақтық позицияны экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер білдіруі тиіс деп санаймыз. Аталған кедергілер мен шектеулер енгізілетін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезеңінде қарсылық білдіріп, қорғау қажет. Бізге кедергілерді мониторингілеудің ұлттық жүйесін құру және одақтың ішкі нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкестігін ойластыру қажет. Бұл ретте де кеңес, комиссия мүшелерінің, вице-премьерлердің, Үкіметтің рөлі үлкен», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
