Бала депозиті – балалардың болашағы үшін қаржы салудың ең сенімді құралдарының бірі. Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Егер бала кәмелет жасқа толмаса, онда ол өзінің зейнетақы жинағын пайдалана алмайды. Сол үшін балаларға арналған депозит ашудың маңызы зор. Біздің «Отбасы банкте» 180 мыңнан астам бала депозиті бар. «Арнау депозиті» деп аталатын арнайы тарифтік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Егер сіз 7-8 жылдан астам уақыт ақша жинап жүрсеңіз, сізде арнайы тариф, несие мөлшерлемесі болып, жылдық үш пайыз қосылып отырады», - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша бала депозитінен ақша алу күрделі шаруа.
«Оны алу үшін Қамқорлық органдарынан одан басқа мекемелерден де рұқсат керек. Сол себепті бұл - балалардың болашағына салым салудың ең сенімді құралдарының бірі. Бәрін де ақша жинауға шақырамын», - деді ол.