21 мам, 2019 сағат 16:11

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі: жазу және емле

Латын графикасына негізделген қазақ жазуы қазіргі тіл білімінде өзекті мәселелерге ие болып отыр. Өйткені қазіргі кезде сауатын ашқан әрбір адам үшін латын әліпбиімен жазу қажеттіліктен туындайды. Жалпы жазуды біз тек таңбалау ретінде қарамағанымыз жөн. Яғни жазу сол тілдің тарихын, мәдениетін тіпті дәстүрін танытады. Осы орайда қазіргі акутқа негізделген латын әліпбі бекітілгеннен бері халық оқып та, жазып та үйреніп жатыр.

Жалпы әрбір диакритикалық белгінің дүниежүзінде өзіндік қалыптасқан қызметі бар. Қазіргі әріпүсті акут таңбасының да өзіндік қызметі бар. Акуттың негізгі қызметі екпін қою. Роман тілдерінде, оның ішінде француз, испан, итальян тілдерінде ашық және қысаң дыбыстарды ажырату үшін, ал кейбір тілдерде дыбыстардың созылыңқылығын анықтауда, ал орыс және швед тілдерінде сөздің мағынасын ажырату үшін қолданылады. Ал латынға негізделген қазақ тілі әліпбиінде ә(á), ғ(ǵ), ң(ń), ө(ó), ү(ú), у(ý) әріптеріне акут таңбасы қойылып отыр.

Қазіргі таңда бекітілген әліпби бойынша емле-ереже жасалып, мақұлданды. Тоғыз тараудан тұратын ережеде әрбір әріптің (9 дауысты мен 23 дауыссыз) емлесі, түбір сөздер мен оған жалғанатын жалғаулардың емлесі, бірге және бөлек жазылатын сөздердің емлесі, бас әріп пен қысқарған сөздердің емлесі, шеттілдік сөздердің емлесі және cөздердің тасымалдану жолдары берілген. Ережеде и мен у-ды бір таңбамен, яғни қазіргі кирилл әліпбиіндегі емле жүйесі бойынша ықшамдап беру негізге алынған.

Осы орайда и мен у-ды жазуда ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар. Профессор Н.Уәли и мен у-ды бір таңбамен беру жазылым мен оқылымды оңайлатады дейтін болса, ал профессор Ә.Жүнісбек и мен у-ды қазақ тілінің төл табиғатын сақтай отырып, айтылым бойынша қос таңбамен беру керектігін айтады.

Яғни qýaný – quýanuý, sýyq – suýyq, rýhanı – ruýhaniı; kıiný – kiıinúý, sıaqty – syıaqty, qıyn – qyıyn т.б. Әрине ғалымдардың тұжырымдары орынды. Алайда и мен у-ды қосармен беру бір-екі буында жақсы келеді (myı, syılyq, jyıyn, kiıim, tiıis), алайда қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, сөздің тұрқы ұзарып, жазуда да, оқуда да қиындық келтіреді. Мысалы мәтіндегі и мен у-ды бір таңбамен және қос таңбамен жазып, салыстырып көрелік:

1) Adam – tabıǵattyń ajyramas bóligi. Tabıǵat pen adam qatar uǵym. Adamsyz tabıǵat, tabıǵatsyz adam ómir súrýi múmkin emes. Adam tabıǵatty qasıet tutýy kerek. Tabıǵat tirshiliktiń  qut-berekesi. Tabıǵatty qorǵaý mindetimiz. Qazirgi kezde ekologıa máselesi nasharlap ketti. Tabıǵatty qorǵaý, saqtaý qazirgi jastardyń qolynda. Qazaq halqynda tabıǵatty qurmet tutady. Adam tabıǵattyń patshasy degen uǵym bar. Sondyqtan tabıǵat adam úshin asyl ana. "Jer qutty bolsa, mal sútti bolady" – demekshi, aınalamyzda tabıǵattan las ıisti, aýrý týdyrýshy bakterıalardy  joıýshy tal, jasyl jelek. 

2) Adam – tabyıǵattyń  ajyramas  bóligi. Tabyıǵat pen adam qatar uǵym. Adamsyz tabyıǵat, tabyıǵatsyz adam ómir súrúýi múmkin emes. Adam tabyıǵatty qasiıet tutuýy kerek. Tabyıǵat tirshiliktiń qut-berekesi. Tabyıǵatty qorǵaý mindetimiz. Qazirgi kezde ekologıa máselesi nasharlap ketti. Tabyıǵatty qorǵaý, saqtaý qazirgi jastardyń qolynda. Qazaq halqynda tabyıǵatty qurmet tutady. Adam tabyıǵattyń patshasy degen uǵym bar. Sondyqtan tabyıǵat adam úshin asyl ana. "Jer qutty bolsa, mal sútti bolady" – demekshi, aınalamyzda tabyıǵattan las iıisti, aýruý tuýdyruýshy bakterıalardy  joıuýshy tal, jasyl jelek.

Мәтіннің он бес сөзінде и мен у кездеседі. Екі нұсқасын салыстыру барысында бірінші мәтінде ықшамдылық байқалса, ал екінші мәтінде сөз тұрқы ұзарған. Әрине, қос таңбамен беру қазақ тілінің табиғатын сақтап, айтылымды ретке келтіруге негіз болады. Алайда оқылым мен жазылымда қиындық келтіріп, шұбалаңқы бола ма деген күмән бар.

Жалпы емле-ережеде қандай өзгерістер бар дейтін болсақ, көбіне шет тілінен енген сөздердің жазылымына қатысты болып отыр. Өйткені тілімізде орыс тілінен, шет тілінен енген терминдар көптеп кездеседі. Оларды қалай жазамыз дейтін болсақ, бұл ережеде көрсетіледі. Яғни әліпбиде жоқ ц, щ, э, ю, я, ъ, ь сияқты әріптерді игеріп, қазақ тілінің заңдылығына сай икемдеп береміз.

Мысалы: taýar, nómir, poshta, kástóm, pálte, poıyz, sıez, slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp деген сөздер айтылымы бойынша жазылатын болса, ал манёвр – manо́vr, бруцеллёз – brýselо́z, актёр – aktór, амёба – amóba, дирижёр – dırıjо́r, режиссёр – rejısо́r деген сөздерде ё-ның орнына ө жазылады.

Сондай-ақ, ц əрпі және сц əріп тіркесі s əрпімен цирк – sırk, цемент – sement, дециметр – desımetr, кварц – kvars, корпорация – korporasıa ал щ әрпі sһ-мен жазылады: училище – ýchılıshe, прапорщик – praporshık, борщ – borsh, щи – shı (тағам). Ережеде э əрпін е-мен элемент – element, элеватор – elevator, поэтика – poetıka, коэффициент – koefısent, ал ю əрпі ú əрпімен жазылады: парашют – parashút, абсолют – absolút, глюкоза – glúkoza, люкс – lúks, бюджет – búdjet, бюро – búro, сюжет – sújet, бюллетень – búleten, компьютер – kompúter т.б. Я әрпін жазуда да ерекшелік бар, айталық заряд – zarа́d, князь – knáz,  разряд – razrád, гриляж – grıláj деп жазғанда á-мен, ал и (ı) əрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: акция – aksıa, аллергия – alergıa, химия – hımıa, гимназия – gımnazıa т.б.

Сонымен қатар, ь мен ъ белгісі мен сөз ортасында келетін қайталама сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу дыбыстарын білдіретін әріптің бір сыңары түсіріледі, мысалы аттестат – atestat, класс – klas, профессор – profesor, процессор – prosesor, грамматика – gramatıka т.б., ал сөз мағынасына әсер ететін сөздер түсірілмей жазылады: netto, dollar, massa, tonna, mıllıon, mıllımetr т.б. Шет тілі терминдерінде нг-мен аяқталатын сөздер ң-мен таңбаланады, олар боулинг – boýlıń, брифинг – brıfıń, рейтинг – reıtıń болса, ал бір буынды сөздерде ринг – rıng, ранг – rang, сленг – sleng түрінде нг сақталып жазылады. Ағылшын тілінде w-мен басталатын кейбір сөздер ý əрпімен жазылады: ýаtsap, ýıkıpedıa, ýeb-saıt т.б.

Яғни, ережеде қазақ тілінің табиғатына лайық етіп сындырып жазу көзделеді. Осы орайда қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру кезінде тіліміздің табиғатын сақтап қалуға және кейінгі ұрпақ өз тілін құрметтеп, бағалауына негіз болатындай етіп болашақ үшін маңызды қадам жасау қажет.

А.Аманбаева,

ф.ғ.к. А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

жетекші ғылыми қызметкері