Қызылорда облысында бес ауданда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастар толық жазылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінге дейін облыста 231 адам қатерлі індетті жұқтырған. Оның 181-і аталған дерттен айығып шықты.
Атап айтқанда, Шиеліде - 66, Жаңақорғанда - 31, Сырдарияда - 26, Қармақшыда - 5, Қазалыда - 3 науқастың барлығы толықтай ем қабылдап, үйлеріне оралды. Ал Қызылорда қаласында - 94 науқастың 46-сы, Арал ауданында - 6 науқастың төртеуі толық емделді.
«Бүгін сағат 14:30-дегі жағдайы бойынша аймағымызда коронавирус індетінен тағы 9 науқас емделіп шықты. Олардың емі толық аяқталған соң, 2 рет тест сынамасы алынды. Сынама нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетті. Олар ауруханадан үйлеріне қайтарылды. Індетті жеңген 9 науқастың алтауы - Қызылорда қаласынан болса, біреуі - Қармақшы, тағы бірі - Қазалы, бір адам - Жаңақорған аудандарынан. Емделушілер алдағы уақытта 14 күн бойы аймақтық дәрігерлер бақылауында болады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы.