Қызылорда облысында Атыраудан вахталық жұмыстан келген тағы бір адамнан коронавирус инфекциясы табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазір Қызылорда облысында аталған диагноз қойылған 209 адам бар. Оның ішінде 127 науқас сырқатынан айықты.
«Айта кетерлігі, соңғы тәулікте жаңадан 5 жағдай нақтыланды. Оның екеуі - індет жұқтырғандармен байланыста болса, біреуі - Атырау облысынан вахталық әдіспен жұмыс істеп келген азамат. Ал, қалған екеуі скринингтік тексеру барысында белгілі болды. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы бірқалыпты, хаттамаға сай ем алып жатыр», – дейді Жақсылық Абдусаметов.
Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған 3069 азамат анықталды. Оның ішінде 1659-ы - жақын қарым-қатынаста, 1410-ы - жанама байланыста болған.
Бұдан бұрын да Қызылордада Атыраудан вахталық жұмыстан келген 3 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болатын.